Орталық Азиядағы ықпалын Қытай елі арттыра түсуде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қытайдан қап арқалаған Орта Азиялық саудагерлер қаптап кеткен болатын. Уақыт өте келе Қытайдан тауарларымен келген саудагерлер өздерінің ірі дүкендерін ашып алып, жергілікті саудагерлердің алдын орап кеткендей еді.

Сауда айналасындағы бұл ықпал- Қытай елі қадамдарының бір ғана жағы. Ал, Қытайдың ресми өкілдері мен іскер азаматтары әріптестік келісімшарттарына қол қою үшін аймақтағы мемлекеттерді барынша шарлап бағуда. Қазақстан мен Түркменстан сияқты елдермен байланысқа ұмтылудағы Қытайдың ең басты- қызығушылығы қуат көздерін іздестіру. Соның бір дәлелі ретінде, келіссөздерден кейін арада 7 жыл өткенде, мамыр айында Қазақстанның Қарағанды аймағынан Қытайдағы Шыңжаң, яғни Шығыс Түркістан аймағына жететін, 2005-жылдың соңына дейін бір мың километрлік ұзындықтағы мұнай құбырын салуға қос ел келісті. Каспий теңізі мен Қытайды жалғастыратын 3 мың километрлік мұнай құбырының бұл- маңызды бөлігі болмақшы. Ресми Бежін сонымен бірге Өзбекстанның Ферғана жазығындағы шағын мұнай кеніштерін дамытуда бұл елге өз көмектерін ұсынып отыр.

Орта Азияның шығыстағы бұл көршісі қуат көздерінің тағы басқа салаларына, атап айтқанда Қырғызстан және Тәжікстандағы су-электр жобаларына инвестция енгізуде. Бір-екі онжылдықтар көлемінде Қытай елі ықпалы жағынан Құрама Штаттары, Жапония және Еуропа елдерімен үзеңгі қағыстыратын түрі бар. Ал оған дейін ресми Бежін шекаралас мемлекеттермен арада достық жағдайды, тұрақтылықты қалыптастыруға тырысуда. Шанхай әріптестік ұйымы да- соның бір дәлелі.

Швециядағы Жібек жолы атты жаңа зерттеулер бағдарламасының директоры Никлас Суанстром былай деді: “Қытайлықтарға табиғи шикізат керек. Бұл ел мұнай мен газға зәру. Себебі, экономикасы өсе түскен сайын оларға байланысты сұранысты Қытай қамтамасыз ете алмауда. Ол тіпті бұрынғыдан да тереңдей түскен. Олар шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келеді. Орта Азияның тұрақты аймаққа айналуын қалайды. Себебі бұл аймақ әскери жанжалдарға киліккен жағдайда, оның әсері Қытайдың батысындағы Шыңжаң, яғни Шығыс Түркістан өлкесіне де таралып, әсер етуі мүмкін. Мұның өзі Қытай өкіметі үшін үлкен проблемаға айналар еді. Сондықтан да Орта Азияда тұрақтылық орнату- аса маңызды. Себебі Орталық Азиядағы тұрақтылық деген сөз- Қытайдағы тұрақтылық деген сөз. Сондай-ақ, базардағы ықпалдарын күшейтіп, Орталық Азияда инфра құрылым қалыптастыруға Қытай мүдделі”, деді талдаушы Суанстром.

Қауіпсіздік саласында, Ислам жауынгерлерімен күрес деген тақырыпта Қытай тарапы аталған аймақ мемлекеттерімен әріптес те болуда. Қытайдың аймақтағы ықпалының күшейе түсуіне байланысты біраз қайраткерлер ескерту- идеяларын да білдіруде.

Орта Азиялықтардың өзі бұл аймақта жалғыз ғана елдің ықпалының басым болуын қаламайды, дейді талдаушы Суанстром.