Баспасөзге шолу. 11- 25 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар несиелік оқу бағамының көтерілгендігіне баса назар аударыпты. Кейбір басылымдар оқу бағасының қымбаттағандығына орай 800 –ге жуық студенттердің білім министрілігімен соттасқалы жатқандығын хабарлапты.
“Казахстанская правда” басылымы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетіндегі несие негізінде оқып жатқан ақылы оқу бағамының кейінге күнмен қымбаттауына қатысты Парламент депутаттарының алдында сөз сөйлегендігін хабарлапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, осы уақытқа шейін Еуразиялық Ұлттық Университетіндегі орташа ақылу оқу бағамы жылына 280 мың теңге болып келсе, осы жылдан бастап оның көлемі 504 мың теңгеге жетеді. Білім және Ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, несиелік ақылы оқудың қаржысы, республикалық бюджеттен алынады.

-

Ал, қаржылық орталық студенттермен бір-ақ рет шарт жасасу арқылы қателік жіберген. Ендігі уақытта бір республикалық бюджеттегі қаржыны қайтарып, оқытушылардың сапалы білім беруіне жағдай жасағымыз келеді – дейді Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеев.

“Экспресс К” басылымы болса Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлеккевтің Парламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзі оқу бағамының қымбаттауына қатысты дау-дамайды онан сайын ұшықтырып жібергендігін жазыпты. Мақала авторының айтуынша, мәжіліс депутаттары Конституцияға сілтеме жасап, заңның кері күшінің жоқтығын айтып, Білім және ғылым министрінен кері күнмен жасалынған шарттың заңсыз болып табылатындығын ескерткен. Алайда бұл мәселеге байланысты Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеев бұл жерде Конституцияға сілтеме жасаудың негізсіз екендігін тілге тиек етіп, студенттердің бұл мәселеде ешқандай да таңдау құқының жоқтығын айтып, келісім-шартқа қол қойғысы келмегендердің оқуларын ақылы бөлімде жалғастыра алатындығын ескерткен.

“Айқын” басылымы оқу бағамының қымбаттауына байланысты кейбір студенттердің Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевті сотқа бергелі отырғандығын хабарлапты. Депутат Серік Әбдірахмановтың айтуынша, “министр мыңдаған шаршы метрлік ғимараттарды талан-таражға түсіріп, енді студенттердің қалтасына қол салғалы отыр. Мақала авторы келтірген деректерде, оқу орындарының басшылары “ақша төлемеген студентті сессияға жібермей, оқудан шығарып жіберуге шейін баратындықтарын ескертіпті.

“Ана тілі” газетінің хабарлауынша, 2000 жылы оқуға түсіп, қазір жоғарғы курсты тәмәмдағалы отырған студенттер он жыл ішінде мемлекетке орта есеппен 312 мың теңге қайтаруы қажет болып келген. Енді іс жүзіндегі шығындар одан көп болғандықтан, енді жоғарғы курс студенттері осы шығындар көлемі көрсетілген қосымша тағы бір келісімге қол қоюы тиіс.

“Литер” басылымы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің оқу бағамының қымбаттауына қатысты келісім-шартқа қол қоймаған студенттердің оқудан шығарылатындығын және оқыған кездегі ақшасын қайтаратындығын ескерткендігін хабарлапты. Мақала авторы Жақсыбек Күлекеевтің сапалы білім болуы үшін дұрыс қаражат керек екендігін айтып, шет елде оқудың қымбат тұратындығын ескерткендігіне тоқталыпты. Алайда Жақсыбек Күлекеев мәжіліс депутаты Ғаділбек Шалахметовтың не себептен бесінші курстың студенттері өткен жыл үшін де қосымша ақы алынуы тиіс деген сауалына мардымды жауап бере алмапты.

“Время” апталығы болса Білім және Ғылым министрілігі оқу бағамының қымбаттайтындығына байланысты студенттерді осыдан бір жыл бұрын неге ескертпеген деген сауал қойыпты. Мақала авторының айтуынша, жоғарғы курстың студенттеріне оқу бағамының өзгеруіне байланысты Білім және ғылым министрлігінің қандай негізде индексация жасап жатқандығы көптеген түсінбестіктер туғызып отыр.

“МК в Казахстане” басылымы оқу ақысының қымбаттағандығына байланысты 800 –ге жуық студенттердің білім министрілігімен соттасқалы жатқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша Астанадағы Аграрлық және Еуразиялық университеттің студенттері бірігіп Білім министрлігінің атына ұжымдық талап-арыз жазуды көздеп отыр. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Павлодар қаласында Білім министрлігіне үстінен арыз берген бір студент сот процесінде жеңіске жетіпті.