ТМД аумағындағы тоғыз ел есірткіге қарсы бірлесіп күреспек

  • Ескендір ЕРТАЙ
Қазақстан аумағынан есірткі саудасының транзиттік жолдары өтетіндіктен қазақстандықтар арасында есірткіге тәуелділер саны артып келеді. Мәселен, есірткіге тәуелді қазақстандықтар жарты миллионға жуықтапты. Бұл туралы қарашаның 25-і күні Ресей, Армения, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғыз Республикасының есірткі бизнесіне қарсы күрес құрылымдарының жетекшілерінің Астанада өткен басқосуында Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Анатолий Выборов мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда ресми деректерде есірткіге тәуелділер саны 47 мың 860 адам. «Есірткіге елтігендер саны бұдан ондаған есе көп. Себебі, олардың қатарына есірткі тұтынатындардың барлығын қосқан жөн»,-дейді Анатолий Выборов.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Мұстафиннің айтуынша, жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымынан 20 тоннадан аса есірткі тәркіленген. Тәжікстанның Ішкі істер министрлігінің халықаралық және аймақтық есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Әзомджон Болгосыновтың айтуынша, Тәжікстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2тонна 420 килә есірткі тәркіленсе, оның 1тонна 791 киләсі героин болып шыққан. «Тәжікстанда есірткі жасаумен айналысатын өндіріс табылған жоқ. Мұның барлығы Ауғанстанда жасалған есірткі заттары»,-дейді Әзомджон Болгосынов.

Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігі есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Сағымбек Әлімқұлов болса, бұрындары Шу өңірінде марихуана түрлері көп анықталса, соңғы кездері есірткінің ауыр түрлері сырттан тасыла бастағандығын айтады.

Ресей Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің білімін жетілдіру институты бастығының орынбасары Виктор Гуляев болса, Ресейде жылына жүздеген есірткі жасайтын зертханалар ашылады деп отыр. «Бірақ олардың барлығына жуығы сора, гашиш және апиын ұнтағын әзірлейтін шағын қарабайыр цехтар»,-дейді Виктор Гуляев.

Қазақстанның Ішкі істер вице-министрі Анатолий Выборов Ауғанстанда жылына 4 мың тонна героин дайындалатындығын айтады. Сондықтан, Қазақстан аумағы арқылы оны өткізбеудің жолдарын қарастыру қажет. «Оның 20 пайызы Ауғанстанның солтүстік өңірлері арқылы Тәжікстанға жеткізілсе, соның жетіп-артылады,-дейді Анатолий Выборов. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі есірткіге қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Мұстафин болса, Қазақстанда есірткінің транзиттік тасымалының алты жолы анықталып отырғандығын айтады.

Астанадағы басқосуға қатысушылар ТМД елдері бойынша есірткіге қарсы күресті шыңдай түсу мақсатында «Канал-2004» кешенді алдын алу шараларын өткізбек. Оған Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның арнайы қызметтері қатысады. Ол операцияға Азербайжан, Иран және Өзбекстан құқық қорғаушылары алғаш рет қатыстырылмақшы.