Соңғы екі жылда Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулге қара жұмысқа жалданған 16 қазақстандықтың мәйіті Қазақстанға жеткізіліпті

  • Ескендір ЕРТАЙ
Шет елдерге табыс табуға кетіп жатқан қазақстандықтардың саны аз емес. Олардың бір бөлігі құлдыққа салынса, әйелдердің көбі жезөкшелер үйінен бірақ шығатын көрінеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, 2003 жылдан бері Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулға қара жұмысқа жалданып барған 16 қазақстандықтың мәйіті Қазақстанға жеткізіліпті.

Қазақстанның Конституциялық Кеңесінің мүшесі Қуаныш Балтабаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік қылмыстық топтардың құрығына түсіп қалып алданған азаматтарын қайтарып әкелудің тетіктері бар. «Алайда, шетелде жалданып жүмыс жасаған жандардың өзі құқықтарын өз дәрежесінде қолдана алмайды»,-дейді Қуаныш Балтабев. Қазақстанның Ішкі істер вице-министрі Алик Ішпекбаевтың айтуынша, ТМД елдері бойынша адамдарды сыртқа құлдыққа сатуға қатысты қылмыстардың 88 пайызы Қазақстанның еншісінде екен. Оның айтуынша, Өзбекстан, Қырғыз Республикасының азаматтары Қазақстан арқылы осы елдің азаматы даген жалған құжаттар арқылы шетелге өтетін болғандықтан бәрі де қазақстандық болып есептелетін көрінеді. Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаев 2003 жылы Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде құлдықта жүрген 24 адамның 19-ы Қазақстанға қайтарылғандығын айтып отыр. «Шетелге шығып басы дауға қалғанға дейін де азаматтардың Қазақстанның өз ішінде де заңдық кеңес алуларына болады ғой,-дейді Уәлихан Қоңырбаев.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов болса, көршілес елдерге қарағанда қазақстандықтардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы жақсарып келе жатқандығын, соған байланысты қазақстан азаматтарына шет елдерге ауыр жұмыстарға жалданудың қажеті жоқ деп біледі.

Ал, Қазақстан Президенті әкімшілігінің мемлекеттік құқықтық басқармасының бас сарапшысы Сергей Тимоховичтің пайымдауынша, Қазақстанда адамды сату мен құлдыққа салу фактілері жөніндегі мәлімет теңіз мұзартының үстіңгі бөлігіндей ғана деңгейде айтылып жүр. «Соңғы екі жылда кәмелетке жетпеген балаларды сатудың да төрт оқиғасы Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған. Балаларды сатуға байланысты бұрын сотталмаған 11 әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған,- дейді. Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызметінің директоры Уәлихан Қоңырбаев шетелге барып қылмыс жасаған Қазақстан азаматтарының ісіне де министрлік ықпал етуге тырысатындығын айтып отыр. Мәселен Қазақстанның бір азаматшасы Мексикаға барып күйеуі екеуі кісі өлтірген. Оның күйеуін АҚШ соты өлім жазасына кескен. Ал Қазақстан азаматшасының жайы келесі жылы ақпанда қаралмақ. Оның екі баласы болғандықтан ұзақ жылға түрмеге отырғызумен алмастыру жолында министрлік жұмыс жасап жатыр екен.

Президент Әкімшілігінің мемлекеттік құқықтық басқармасының бас сарапшысы Сергей Тимоховичтің келтірген мәліметіне қарағанда, әлемде жыл сайын құл сатушылардың қолдарына бес миллионға жуық адам түседі. Осы қылмыстық бизнестің қаржы айналымы жылына 9 миллиард долларға жуықтапты.