Баспасөзге шолу. 12. 14. 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Экс-спикер Жармахан Тұяқбай тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдар Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің қызметінен босатылғандығына айрықша назар аударыпты. Ал, ақын Олжас Сүлейменовтың жеті томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы рухани әлемдегі ең үлкен жаңалық ретінде бағаланыпты.
“Жас алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында “Ұрымтал сөз” деген айдармен Қазақстанның демократиялық күштері Үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың “Билік сайлау кезінде жіберілген қателіктерін түзеген уақытта ғана онымен диалогқа баруға болады. Үйлестіру кеңесі билік пен оппозицияның диалогқа баруына тіпті де қарсы емес. Бірақ мәміліге Ұлттық комиссияның дөңгелек үстелі арқылы келудің қажеті жоқ, билік пен оппозиция бетпе-бет отырып сөйлесуі керек” деген ой-пікірін беріпті.

“Жұма таимс немесе Дата недели” апталығына берген сұхбатында экс-спикер Жармахан Тұяқбай соңғы кадрлық өзгерістерге байланысты өз ойын білдіріпті. Оның айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовтың президент әкімшілігі жетекшісі қызметінен босатылуы өткен сайлауда жіберілген заңсыздықтарды мойындау және оған баға берудің бірі түрі. Алайда экс-спикер Жармахан Тұяқбай Иманғали Тасмағамбетовтың Алматы қаласының әкімі болып тағайындалуы – оппозицияға үлкен қауіп туғызады деп санамайды екен. Экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, Иманғали Тасмағамбетов немесе Зағипа Бәлиева секілді сайлаудағы заңсыздықтарға жол берген шенеуніктер заң алдында жауапқа тартылуы тиіс.

“Республика” басылымында жарық көрген “Оппозиция НКВД ның жұмысына қатысудан” бас тартты деген мақалада экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың “Шідерті” ауылында өткен оппозиция өкілдерінің басқосуында “Біріншіден, президент қаншалықты биліктің заңсыз жолмен сайланған тармағына шыдауға мәжбүр болады, екіншіден саяси тұтқындар мәселесі қашан шешіледі. Міне осы мәселелер шешілгенде ғана оппозиция өкілдері билікпен диалогқа бара алады” деп мәлімдегендігі хабарланыпты. Сондай-ақ экс-спикер Жармахан Тұяқбай “Республика” басылымына берген шағын сұхбатында Ғалымжан Жақияновқа қатысты қозғалған қылмыстық іспен таныса келіп, оның түрмеге заңсыз отырғандығына көзі жеткендігін тілге тиек етіпті.

Сондай-ақ мерзімді басылымдар бетінің негізгі қаһарманына айналған тұлғалардың бірі ретінде, ендігі уақытта экс-министр Жақсыбек Күлекеевті атауға болады. “Қазақстанская правда” және “Егемен Қазақстан” басылымдарының сейсенбі күнгі санында Қазақстан Республикасы Президенті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Әбдірахметұлы Құлекеевтің берген өтінішіне орай орнынан түсуін қабылдағандығын хабарлапты.

“Экспресс К” басылымының ақпараттар ағымында Білім министрлігі мен студенттердің арасында орын алған теке-тірес соңының Жақсыбек Құлекеевтің орнынан босатылуына әкеліп соқтырғандығы айтылыпыты. Ақпараттар ағымында оқу бағамының қымбаттауына орай наразылық білдірген бір топ студенттердің Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің отставкаға кетуін талап ететіндігі де сөз болыпты.

“Литер” басылымы болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың желтоқсан айының басында Білім және Ғылым министрлігінің несиеге оқып жатқан студенттердің оқуының бағасын қымбаттатқандығына орай Жақсыбек Құлеккевке сөгіс жариялағандығына тоқтала келіп, оның орнынан кетуіне осы жағдайдың әсер еткендігіне айрықша назар аударыпты. Мақала авторының айтуынша, Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевке сөгіс жариялаған күні премьер-министр Даниял Ахметов осы мәселені қадағалаған вице-министр Айман Әбдіқадырованы қызметінен босатқан. Алайда бұл шешімге разы болмаған бір топ студенттер Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің отсавкаға кетуін талап ететіндіктерін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ “Литер” басылымы жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың Италияда, кейіннен Израильде елшілік қызметте жұмыс істегендігіне де айрықша тоқталыпты.

Сондай-ақ мерзімді басылымдардың негізгі қаһарманына айналған тұлғалардың бірі ретінде ақын Олжас Сүлейменовты айтуға болады. Сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бәрі де ақын Олжас Сүлейменовтың жеті томдық шығармалар жинағының жарыққа шыққандығын айрықша атап өтіпті.

“Айқын” басылымы осы оқиғаға орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада Олжас Сүлейменовтің жеті томдық шығармалар жинағының құсаукесер рәсімінің болып өткендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, “Атамұра” баспасынан екі мың данамен жарыққа шыққан жинақты құрастырған және алғысөзін жазған шығыс филологиясының маманы – Сафар Абдулло.

“Литер” басылымына берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов Украинадағы оқиғалар Қазақстанда қайталанса, оның ақыры қантөгіске әкеліп соқтыруы мүмкін екендігіне тоқталыпты.

“Майдан” Украинада – алаң деген мағынаны білдіреді. Ал, Қазақстанда оның мағынасы мүлде бөлек, соғыс деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да Украинадағы орын алып жатқан оқиғалар Қазақстанда қайталанса, оның соңы қантөгіске, трагедияға әкеліп соқтыруы ықтимал” депті ақын Олжас Сүлейменов “Литер” басылымына берген сұхбатында.