«Қансонар» бүркітшілер сайысында Алматының «Жалайыр Шора» клубы командалық та жекелей де жарыста озды

  • Ескендір ЕРТАЙ
Желтоқсанның 16-сында Қазақстанның Тәуелсіздігі күніне орай ұлттық спорт түрлерінің республикалық қауымдастығы Астана іргесіндегі Көктал кентінде орналасқан «Тұлпар» ат спорты клубының алаңында «Қансонар» бұркітшілер жарысын өткізді. Жарысқа республиканың барлық облысынан бүркітшілер қатысты. Саятшылар шырға тарту, қоян, түлкі аулаудан сынға түсті.

Астана іргесіндегі «Тұлпар» ипподромында тұңғыш рет өткізіліп отырған бүркітшілер сайысына жас та кәрі де жиналған. Олардың бірқатары бүркіт,қаршығаның қоянға, түлкіге түскенін кітаптан оқып, суреттен көргендер. Бұл шараның қашаннан қолға алына бастағандығы турасында Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Елсияр Қанағаттан сұрадық.. Ол бүркітшілер сайысының республика бойынша ережесі жасалып халықтық ойынға айналып келе жатқандығын баяндады. Оның айтуынша, қазір республикада 78 қыран құстарды баптап аң-құсқа салатын саятшылар бар екен.

Алатаудың баурайынан әкелінген тау қырандары қанатын кең жаза алмай әудем жерде тыпырлап орынан қозғала алмай жатқан қояндар мен түлкілерді қояр емес.

Командалық та жекелей де барлық жүлделерді Алматыдағы «Жалайыр Шора» атындағы клубтың бүркітшілері иемденді. Клубтың жетекшісі журналист Бағдат Мүфтекеқызы болып шықты. Бағдат Мүфтекеқызының айтуынша, тау қырандарына жететін құс патшасы жоқ. Баптай білсе, тау бүркіттері қасқырды да алады екен.Қазақстанның Тәуелсіздігі тойында сайын далаға шығып бой жазып, құс салмаса да қала жұртшылығы атадан келе жатқан дәстүрін тамашалап бір серпіліп қалды. ЕлсиярҚанағаттың айтуынша, келесі бүркітшілер сайысын ақпанда Қарағандыда өткізу жоспарланып отыр.