Польшаның Вроцлав қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

  • Айнагүл САҒДИ
Польшаның 4 әкімшілік аймағы бойынша Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Сол елдің саяси және қоғам қайраткері Ричард Наврат құрметті консулдықтың басшысы болып тағайындалды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың айтуына қарағанда, консулдық аймағына Польшаның Нижнесилезск, Опольск, Любуск және Лодзьск облыстары кіреді. Құрметті консулдықтың басқа консулдықтардан айырмашылығы сол - онда құрметті консул болып сол өкілдік орналасқан елдің адамы тағайындалады. «Осымен Еуропа елдерінде 60-қа жуық дипломатиялық өкілдік ашылып отыр.

Консулдықтың ашылуына Қазақстанның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі Төлеутай Сүлейменов және Польша тарапынан да өкілдер қатысты», - дейді Мұхтар Кәрібай. Қазақстанның Польшадағы елшісі Төлеутай Сүлейменов Польшаның сыртқы істер министрлігі мен Нижнесилезск воеводствосының басшысына консулдықтың ашылуына қолдау білдіргендері үшін алғыс айта отырып, Қазақстан мен Польшаның оңтүстік-батыс аймақтарында іскерлік және мәдени байланыстардың дамып келе жатқандығын тілге тиек еткен. Қазақстанның Польшадағы елшілігінің екінші хатшысы, сауда бөлімінің меңгерушісі Марғұлан Баймұханның айтуынша, бұл осымен Польшада ашылып отырған екінші құрметті консулдық. «Жаңа консулдықтың басшысы алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстарды, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға күш салмақ және жұмыс барысымен келетін қазақ азаматтарына қол ұшын береді», - дейді Марғұлан Баймұхан. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар кейінгі кезде нығая түскен.

«Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 411 миллион долларға жетті. Біздің ойымызша, жыл аяғына дейін жарты миллиард долларға өсуі мүмкін. Қазақстаннан Польшаға мұнай, газ, темір, мақта өнімдері жеткізілсе, Польшадан Қазақстанға химия өндірісі заттары, жиһаз, түрлі жабдықтар жіберіледі», - дейді.

Оның айтуына қарағанда, Польшадағы қазақтар саны көп емес, алайда қазақ тілін үйренуші азаматтар үшін үлкен мүмкіншіліктер қарастырылып отыр. «Бүгінде Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінен келген екі маман Поляк азаматтарына қазақ тілін үйретіп жатыр. 25 студенттері бар, барып сөйлескендегі байқағанымыз қазақ тілін бізден де жақсы білетін секілді».

«Польшалықтар өз елдерінде Қазақстанның тағы бір құрметті консулдығының ашылуы Польша мен Қазақстан арасындағы аймақаралық мәдени және экономикалық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне септігін тигізетіндігіне сенім білдіріп отыр», - дейді Марғұлан Баймұхан.