Қызылорда облысында заңсыз мұнай өнімдерін өңдейтін 11 зауыт әшкереленді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Бұл туралы “Азаттық” радиосына ҚР ІІМ-нің Аса қауіпті қылмыстармен күресті үйлестіру орталығының инспекторы Мүсілім Алғазаров хабарлады. Оның айтуынша, аталған орталықтың қызметкерлері желтоқсан айының 10-ы мен 15-і аралығында Қызылорда облысының аумағында мұнай өнімдерін өңдейтін жасырын цехтарды анықтау, тіркеу және заңсыз мұнай бизнесімен айналысатындардың жолын кесу мақсатында жедел іздестіру іс-шараларын өткізген.

ҚР ІІМ-нің Аса қауіпті қылмыстармен күресті үйлестіру орталығының инспекторы Мүсілім Алғазаров:

-Іс-шаралар нәтижесінде Қызылорда облысында 50-ден 500 тоннаға дейін мұнай өнімдерін сақтай алатын, техникалық сипатта пайдалануға болатын, жанар-жағар май өнімдерін дайындайтын 11 шағын зауыт табылды. Аталған зауыттарға шикізаттар “Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз” ААҚ-ы кен орындарынан ұрланып, жеткізіліп отырған.

Осы мәселеге байланысты Қызылорда облысындағы “Петро Қазақстан” компаниясына қоңырау шалғанымызда аталған компанияның қауіпсіздік комитетінің қызметкері Виктор Лигайдан: “бұл мәселе бойынша тек компания директоры ғана жауап береді. Бірақ дәл қазір директор орнында жоқ”, деген жауап алдық.

ҚР ІІМ-нің Аса қауіпті қылмыстармен күресті үйлестіру орталығының инспекторы Мүсілім Алғазаровтың айтуынша, мұнай өнімдері өңделген соң Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының жеке меншік жанар-жағар май құю стансаларына тасымалданып, шамамен 30 теңгеге әртүрлі коммерциялық құрылымдар мен кәсіпкерлерге сатылып келген. Полиция қызметкері мұнай өңдеген жасырын зауыттың қожайындары адамдарды күніне 1000 теңгеге жалдап жұмыс істеткен. Анықталған нысандарды тексеру барысында 420 мың тонна мұнай табылды. 2004 жылдың 13 желтоқсанында Қызылорда–Қарағанда тас жолының 57 шақырымында жасырын шағын бір зауыт табылып, оның қожайыны мен үш жұмыскері ұсталды. Бұл деректер бойынша ҚР қылмыстық істер кодексіне сай қылмыстық іс қозғалды”, дейді:

-ҚР қылмыстық істер кодексінің 183 бабының ІІ тармағында көзделген қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу және өткізу белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал шағын зауыт иесі қылмыстық кодекстің 132 бабы бойынша тергеу изоляторына жеткізілді.

Оның айтуынша, осы астыртын кәсіпорындардың 70 пайызына бір ғана қылмыстық топ қожалық етеді. Мүсілім Алғазаров: “бес қаруы сай тіпті спутниктік байланыс құралдарымен жабдықталған олар ұстатпай жүр. Басқару органдарында олардың сыбайлас жемқорлыққа байланыстарын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілуде”, дейді. Ол бізде бар нақты мәлімет бойынша 50 шақты жасырын зауыт бар. Қазірге біздің тапқанымыз -11. Қазіргі уақытта анықталған шағын заңсыз зауыттардың жабдықтары бөлшектеліп, бұзылып жатыр. Егерде сол заңсыз 50 зауыттың жұмысы әшкерелетін болса, олардың барлығы ҚР қылмыстық кодекстің 183-ші яғни қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу бабы бойынша жауапқа тартылады, дейді.