Өзбекстан сайлаулары: Сайлауға қатысу белсенділігінің төмендігі сайлаушылардың үміт деңгейін білдірмекші

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Партия өкілдерінің үміткер ретінде қатысу жайы, сарапшылардың берер бағасы маңызды десек те, сайлаулар барысындағы шешуші сауал сайлаушылар қолында қалатыны рас. Алайда, Өзбекстан сайлаушылары Парламенттік сайлаулар барысында шектеулі ғана таңдауға ие болғалы отыр. Себебі, оппозициядағы партиялардың үміткерлеріне тіркеуден өтуге мүмкіндік берілмеуде. Өкіметшіл бағыттағы бес партия өкілдері ғана сайлау жарысына қатыспақшы. Сайлаушыларды да бұл науқан қорытындылары аса қызықтыра қоймайтын сияқты.
Өзбекстанның 26 миллион халқының 60 пайызы 30-жастан төменгі жастар екен. Сол жастардың пікір білдіргендері сайлауға қатысатын үміткерлер жөнінде өздерінің ешнәрсе білмейтіндіктерін айтып отыр. Сайлау қарсаңында Өзбекстан сайлау заңдарына өзгерістер енгізген болатын.

Ол өзгерістер жөнінде тәуелсіз өзбек әлеумет танушысы Баходир Мусаев былай дейді. “Шынын айтқанда мен, халықтың сайлауға баратын, бармайтындығына да сенімді емеспін. Себебі оған бойкот жариялау жөнінде көп айтылып жүр ғой. Оған қоса елдегі жағдай өте түсініксіз. Егер халықты дауыс бермегені үшін жазалайтын боп қорқытса немесе басқаша жолдармен алдаса, онда олар дауыс беруі мүмкін. Қазір барьер де төмендетілді ғой. Қазіргі заң бойынша егер сайлаушылардың 30 пайызы дауыс берсе болғаны сайлаулар заңды деп жарияланатын болады. Демек, ресми биліктегілер халық сайлауда дауыс бермей қоюы мүмкін, деп қорқады деген сөз”-, деді Мусаев мырза.



Қарапайым сайлаушының айтуынша, тіпті Парламентте 10 шатыр болған күннің өзінде, одан жағдай өзгермейді. Себебі олар халықтың мүддесін қорғамайды. Жоғарғы биліктің айтқанымен жүреді. Бұл пікірмен Мусаев та келісіп отыр. Ол тіпті Өзбекстандағы саяси партияларды қуыршақ ұйымдар, деп атап отыр. Себебі, қаржылық, экономикалық, саяси бұлақтардың барлығы елбасы қолына шоғырланғандықтан Парламент маңызды рөл атқара алмайды, дейді сарапшы.Тіпті жексенбі күні дауыс беруге баратындардың өзі партиялар мен үміткерлер саяси жоспарлары арасында ешқандай айырмашылық жоқ, деп отыр.



Өзбекстандағы бұл сайлауларға халықаралық қауымдастық та аз ғана назар аударуда. Жексенбі күні де солай болатын түрі бар. Мысалы, Брюссельде орналасқан халықаралық Дағдарыс тобының төраға орынбасары Алайн Делетроздың пікірі төмендегіше:



“Біріншіден барлық негізгі назар Украинадағы сайлауларға ауатын болады. Ол- байсалды сайлаулар және оның Украйна саяси өміріне жасайтын ықпалы маңызды болмақшы. Ал, Өзбекстандағы сайлаулар шынайы болмайтындықтан да, сіз бен мен сияқты бұл елге деген әлі де болса қызығушылығы бар адамдардан басқа, ешкім де назар аудармайтын сияқты. Тіркеуден өткен бес партияның бағдарламалары бірдей. Және олар Каримов саясатына аз ғана болса да өзгерістер енгізуге тырыспайтын да болады”,- деді Делетроз мырза.



Бақылаушылардың бағамдауынша Өзбекстан сайлаушыларының Украйна мен Грузияда болған демократиялық бағыттағы жолдарды таңдау мүмкіндігі тым шамалы сияқты. Оның орнына бұл ел көршілес Түркменстанның жолын қолай көре ме деген үлкен қауіп бар, дейді бақылаушылар.