Депутаттар ауылды көтеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу жайымен танысты

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ
Желтоқсанның 27-і күні Парламентте өткен үкімет сағатында Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрі Серік Үмбетов ауылды көтеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жайымен депутаттарды таныстырды.
Қазақстанда 2003-2005 жылдары ауылды дамыту жылдары болып жарияланғаны белгілі. Ал, ресми деректер бойынша Қазақстан халықының 45 пайызы ауылда тұрады. Министр соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында жер, су кодекстері және басқа заңдардың, ал заңдар аясында 200-ге тарта кесімдік құқықтық актілердің қабылданғанын айтады. Мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін қолдау «Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасына» сәйес жүзеге асырылып жатқанын, бөлінетін тиісті қаржының да жыл сайын ұлғайып келе жатқанын атап отыр. Алайда, депутаттар ауыл жылдарына бөлінген қаражат ауыл тұрғындарына жетіп жатқан жоқ деген қынжылыс білдіреді және ауылды дамыту жылдарын үш жыл емес бес жыл ету керек деген пікірде. Ауылшаруашылығы министрі Серік Үмбетовтың айтуына қарағанда, ауылды көтеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар оңтайлы іске асуда. Ал, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жылдан жылға ұлғаюда. Егер 2002 жылы елдің агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 30,6 млрд. теңге бөлінсе, ол 2003 жылы 41,3 млрд. теңгеге үстіміздегі жылы -48,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш, 2002 жылдың деңгейінен 60 пайызға артық. 2005 жылы 57,5 млрд. теңге бөлінуі жоспарланып отыр дейді Серік Үмбетов. Министр агроөнеркәсіп кешенін бюджеттік кредиттеу көлемі көтерілді. Соңғы екі жылда оның көлемі екі есеге артып 14,6 миллиард теңгеден асты дейді. Оның айтуынша, биылғы жылы қолайсыз табиғи жағдайға қарамастан 13 миллион 900 мың тонна астық жиналған. Ол ішкі мұқтаждықтарды толық жабуға жетеді екен. Министр астықтың экспорттық әлеуетін 2005 жылы 5 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтады. Ауылшаруашылығы саласында іске асырылған басқа да жұмыстар аталды. Алайда, депутаттар ауыл жылдарында миллиардтаған қаржылар бөлініп жатса да ауылдағылардың сенімінен күдігі басым дегенді айтады. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы осындай пікірде. Амангелді Айталының айтуынша, Қазақстанда 7 мыңнан аса елді-мекен бар. Әр елді-мекенде мектеп немесе жол салу, әйтпесе сол жердегі кәсіпкерлерге несие беру жөніндегі бағдарлама жасалмағасын бөлінген миллиард пен миллион елге жетпейді дейді. Ал, депутат Оңалбай Аяшев атқарылған шаруа көп бірақ қордаланған проблема да көп деп отыр. Депутат Владимир Нехорошев 85-90 пайыз кедейшілік ауылдық жердің тұрғындарында дейді. Депутат Тито Сыздықов болса ауылдағылардың жағдайы бұрынғыдан жақсарды деген пікірде. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 50 миллиард теңгеге өсіп, 607 миллиард теңгеге жетіпті.