Қазақтды ойсыратып кеткен советтік ұжымдастыру саясатының басталғанына 75 жыл

  • Ескендір ЕРТАЙ
Бұдан 75 жыл бұрын совет өкіметі қазақ даласында күштеп жүргізген «ұжымдастыру саясаты» екі жарым миллионға жуық қазақтың қырылып, шетел асып кетуіне апарып соқты.

Осыдан 75 жыл бұрын советтік коммунистік (большевиктер) партиясының орталық комитеті «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құруына көмек шаралары» туралы қаулы қабылдады. Бұл құжаттың ақыры «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынға» соқтырды.

Малын тапсырған миллиондаған қазақтар аштан қырылып қалса, қалғандары шетел асып кетті. Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбайдың айтуынша, 1930 жылы жарық көрген советтік Қазақстан компартиясың орталық комитеттің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылуына көмек шаралары» туралы қаулысы тұтас бір халықтың тоз-тоз болып кетуіне тікелей себеп болды.

Астанадағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай сол кезде алаш зиялыларының солақай саясатқа қарсылығы күшті болғандығын айтады.

– Колхоздастыруды қолдан ұйымдастыру, зиялы қауымды тұншықтыру, «белдеуде бұзау қалмасынға» соқтырды, – дейді Тұрсын Жұртбай.

«Қазақ тарихы» журналының редакторы Әбділдәбек Салықбай сол кездегі асыра сілтеуге халықтың наразылығы Бейімбет Майлиннің әңгімелерінде, елдің мысқылға толы өлеңдерінде нақты көрініс тапқанын атап көрсетеді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары жазушы Сұлтанәлі Балғабай миллиондаған қазақтың аштан қырылып, қалғандары шетелге босып кетіп, әлі күнге дейін тарихи отанына орала алмай жүргендігі де сөз болып отырған қаулының салдары деп есептейді.

– Сол кезде ұжымдастыруды белсенді жүргізген Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов сияқты басшылар өздерінің қателіктерін білген. Бірақ, соны біле тұра Голощекиннің және орталық комитеттің қаһарынан қорыққандықтан тапсырманы бұлжытпай орындап отырған, – дейді Астанадағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай.

Сонымен бірге мамандар советтік саясаттың қазақтардың демографиялық өсіміне кері әсер еткендігіне назар аударады.

– Қызыл империяның сол бір солақай саясаты болмағанда қазақтар Орта Азиядағы ең саны көп халық болып отырар еді, – дейді «Қазақ тарихы» журналының редакторы Әбділдәбек Салықбай.

Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай коммунистік партияның бұдан жетпіс бес жыл бұрын жарық көрген сол бір тарихи қаулысының тағлымы кейінгілерге сабақ болуы тиіс деп санайды.

– Әсіресе, билік басындағылар ел тағдырына қатысты шешімдер қабылдау кезінде абай болуы қажет, – деген пікір айтады академик.

Тарихшылар мен саясаткерлер өткен ғасырдың басында Алаш зиялылары айтып кеткен «жер, экономикалық тәуелсіздік, оқу-ғылым, жекеменшік» турасындағы тұжырымдарының әлі күнге өзекті болып отырғандығын айтады.