Иракта болатын сайлау көрші елдерді де алаңдатып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Иракқа көрші алты мемлекет қаңтардың 30-да сол елде болатын сайлауды қолдайтындарын білдірді. Алайда бұл сайлау олардың әрқайсысын әрқилы себептермен абыржытып та қойған сыңайлы.
Қаңтардың 6-сында Иракпен көршілес алты мемлекет - Иран, Йордания, Кувейт, Сауд Арабиясы, Сирия және Түркия сыртқы істер министрлері Амманда кездесіп, 12 баптан тұратын арнайы мәлімдеме жариялаған болатын. Онда Ирактың егемендігіне, тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына және ұлттық бірлігіне құрметтері ашық айтылған еді.

Көршілес алты ел қаңтардың 30-да болатын Ирак сайлауларына араласпауға уәделесті. Сайлау барысында Ұлттық ассамблеяның жаңа мүшелері сайланбақшы. Ал, ол өз кезегінде жаңа өкімет құрамын анықтайтын болады.

“Сайлауларды қолдаймыз” десе де оған көрші алты ел түрлі жақтан қарап отыр.

Лондонда орналасқан Араб және Иран мәселелері бойынша зерттеулер орталығының директоры Әли Реза Нуризаденің пікірінше, ресми Теһран тек қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне байланысты ғана алаңдаушылық танытып отырған жоқ. Ол сондай-ақ Бағдатта билік басында діни бағыттағы шиит өкілдерінің болғандығын қалайды.

Ал, араб елдері саясаткерлері болса Иракты шиит діншілдерінің басқаруы ықтималдығына орай мазасыздықтарын ашық түрде білдіріп отыр. Кувейт пен Сауд Арабиясы аймақта Иран әсерінің күшейе түсуінен сақтанады. Сауд Арабиясы сияқты бірнеше араб елдерінде шиит қауымдастығы көптеп саналады. Сондықтан да Иракта билік басына шиит өкілдерінің келген жағдайда өз елдеріндегі осы қауымдастық арасында өзгерістер туғызбай ма деген қауіп те жоқ емес оларда. Сирия елі болса негізінен сүнниттер басым тұратын мемлекет. Билік басында көптен бері елдегі азшылық боп табылатын шииттер келеді.

Талдаушының пікірінше, Сирия бәрінен бұрын Иракта билік басына батысшыл бағыттағы демократтардың келуінен қаймығады. Бұл орайда Түркияның келер сайлауларға көзқарасы тіпті басқаша. Атап айтқанда, Ирак Күрдістанындағы соңғы оқиғалар ресми Анкараны айрықша алаңдатып қойды.

Себебі, сол қаңтардағы сайлауларда күрдтердің аралық парламентін сайлап алуға ұмтылып отыр. Осылайша сайлаулар Түркиядағы күрдтердің Күрд автономиясын құруға деген ұмтылыстарын күшейтіп, Ирак әкімшілігіндегі күрдтердің ықпалын өсіреді деп ресми Анкара қауіптенеді.

Өткен айда Ирак күрдтері елдің солтүстігіндегі күрдтердің өз тәуелсіздігін алуы жолында референдум өткізу мүмкіндігі жөнінде өтініш тапсырған болатын. Тәуелсіз Күрд мемлекетінің құрылуына Түркия табанды түрде қарсы тұрып келеді.

Лондондағы экономикалық зерттеулер мектебінің зерттеушісі Яхия Саидтың пікірінше, көршілерді толғандыратын ең басты мәселе - аталған сайлаулардың аман-есен өтіп, Иракта тұрақтылықтың қалыптасуы.