Оралмандар көші Қазақстанға келушілер санын кетушілерден асырды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ
Ресми деректер бойынша, соңғы 36 жылдың ішінде алғаш рет былтыр Қазақстанға келушілер саны кетушілерден артқан. Көшіп келушілердің 90 пайызын оралмандар құрап отыр.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрамындағы көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, былтырғы жыл қазақ көші-қоны үшін ерекше жыл болды. Ресми деректер бойынша, былтыр, соңғы 36 жыл көлемінде алғаш рет Қазақстанға келушілер саны елден кеткендер санынан асып түскен. Қазақстанға шеттен қоныс аударғандардың басым көпшілігін оралмандар құрап отыр.

- Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап Қазақстанға 400 мың адам көшіп келді. Бұл тек қана оралмандардың саны. Тиісінше, оларға мемлекет тарапынан үлкен көмек беріліп жатыр. 2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап, «Көші-қон туралы» заңға тағы да өзгертулер енгізілді. Бірқатар орталық атқару органдарына, түрлі министрліктерге, жергілікті әкімдерге көп нәрсе жүктелініп отыр. Нақтырақ айтсақ, біз орналастыру, елдің арасына тезірек сіңісіп кету үшін жағдай жасауымыз керек. Мына келіп жатқан тасқын осындай жұмыстардың нәтижесі, - дейді Жазбек Әбдиев.

Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Бодауханұлы "сырттан келушілер тасқынының өсуіне Қазақстан экономикасының дамуы әсер етіп" отырғанын айтады.

- Көршілес мемлекеттердегі, әсіресе мынау Өзбекстандағы саяси жағдайдың тұрақсыздығы және ол жақтағы экономиканың тұрақсыздығы халықтың жақсы тіршілікке қарай ұмтылуына, яғни бері қарай тартылуына әсер етіп отыр. Мұны экономикалық фактор деп айтуға болады, - дейді Қайрат Бодауханұлы.

Оның есебінше, бүгінде Қазақстанға сырт мемлекеттерден қоныс аударған оралмандар саны 320 мыңды құрайды. Енді елдегі "билік өкілдері сол оралмандарды жайлы өңірлерге қоныстандыру мәселесіне баса назар аударса" деген тілек білдіреді «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Бодауханұлы:

- Басқа мемлекеттерде тұратын ағайын-туыстардың ішінде көшіп келмегені жоқ деп айтуға болады. Яғни, жаңағы ағайын-туыстың 2-ге бөлінуі - салмағы ауыр жағына қарай тартылу процесіне ұласты. Яғни, бұрын көшіп келген қазақтар мұнда келді, орналасты, белгілі бір дәрежеде өзінің қоғамдағы орнын тапты. Енді ол өзінің ағайын-туысын, бірі нағашысын, енді бірі інісінің тартылуына әсер етіп жатыр. Олар мұнда база сияқты былайша айтқанда.

Бұл пікірлерді бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған, қазірде «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов та қолдайды.

- Экономика өсіп келе жатыр, жұмыс орындары ашылады. Болашақта сол жұмыс орындарында жұмыс істейтін адамдар қажет. Өзіміз де қазір байқап отырмыз, көптеген жерлерде басқа шетелдіктер жұмыс жасап жатыр. Ішкі нарықтың көлемі ұлғайғаны экономикаға оң әсерін тигізеді. Өйткені, әсіресе мынау халық тұтынатын тауарлар өндіретін саладағы бизнестің дамуына алып келеді. Мысалы, 15 миллион адамға өнім шығаратын зауыт салу тиімсіз болуы мүмкін. Ал, 20 миллион адам болатын болса, тиімді болуы мүмкін, - дейді Әлихан Бәйменов.

Алайда экономист-ғалым Үкілай Керімқызы «Қазақстан экономикасына сырттан келушілер санының көбеюі оң ықпал етеді» деген пікірмен келіспейді:

- Егер оралмандардың барлығы ауыл шаруашылығына араласса, ол жерлерде жұмыс болса, экономика артар еді. Ал қазір ауылдық жерлерде жұмыс орындары жоқ қой. Ол дегеніміз жұмыссыздардың санын көбейтеді. Екіншіден, жаңағы әлеуметтік жағдайды алыңыз, мысалы, олар ауылда жұмыс болмағасын жаппай қалалық жерлерге келіп орналасады. Ал ол дегеніңіз – тамақ керек, киім керек деген сөз. Міне, осы жағынан елдің экономикасына кері әсер етеді, - дейді ол.

Қазақстан санақ агенттігігі таратқан мәліметтерге қарағанда, 2004-ші жылы Қазақстандағы табиғи өсім 23 пайызға өсіп, жаңа туған нәрестелер саны да алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға көтеріліп 254 мыңды құрапты. Бұл ретте ажырасу дерегі 0,7, ал кісі өлімі 2,2 пайызға төмендегенін айта кету керек.