Алматының экономикалық соты оппозициялық партияны жабу жөніндегі шешімін өзгертпеді

  • Досан БАЙМОЛДА
Дүйсенбі күні Алматы қалалық ауданарлық экономикалық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын мәжбүрлі түрде жабу туралы қаңтардың 6-сы күнгі өз шешімін күшінде қалдырды.
Судья Гүлнар Мейіржанова төрағалық еткен сот мәжілісі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының саяси кеңес президиумының төрағасы Асылбек Қожахметовтың қаңтардың 6-сындағы сот шешімін өзгерту жөніндегі талап өтінішінде айтылған себептерді "еш негізсіз" деп таныды.

Күннің суығына қарамастан Алматы қалалық экономикалық сот үйі алдына ондаған адам жиналды, олардың көпшілігі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясының мүшелері және осы партияны қолдаушылар.

Олар Украинадағы бейбіт төңкерістің символына айналған қызыл-сары түсті матадан мойындарына орамал салып, кеуделеріне лента тағып келді. Сот үйінің ауасы тар, аядай мәжіліс залына 40-50 адам сығылысып кіріп, қалғандары далада қалды. Осыған байланысты оппозициялық партия жетекшісі Асылбек Қожахметов судья Гүлнар Мейіржановадан сот мәжілісін үлкенірек залға өткізуді сұрап өтініш жасады, алайда судья оның бұл өтінішін аяқсыз қалдырды.

Сот мәжілісі 5 сағаттай уақытқа жалғасты. Алайда оның көп уақыты шынымен "Асылбек Қожахметов ауру болды ма, жоқ па? Ол неге қаңтардың 6-сы күнгі сот мәжілісне қатыспады?" деген сұрақтар төңірегінде өрбіді.

Асылбек Қожахметов өзіне расымен суық тиіп, соның салдарынан ауру болғанын растайтын көптеген дәрігерлік анықтама қағаздар, рентген суреттерін судьяға тапсырды. Тіпті оның Алматыда көрінген ауруханасынан дәрігері де келіп, куәгер ретінде жауап берді.

Алматы қалалық прокуратура өкілі Алмас Рамазанов: "Асылбек Қожахметовтың ауру болғандығынан қаңтардың 6-сы күнгі сот мәжілісіне оның қатыспағандығы сот шешімін өзгертуге үлкен негіз бола алмайды, ол өзі келе алмаса, орнына басқа бір өкілін жіберуге болатын еді. Ал ол сотты елемеді, ескермеді, сондықтан да сот өз шешімін өзгертпеуі тиіс" деген сөзін айтты.

Ал Қожахметов болса "қаңтардың 6-сы күнгі сот партия өкілінің қатысуынсыз сырттай өтіп, біржақты, заңсыз шешім шығарды" деген пікірден таймады.

Судья Гүлнар Мейіржанова сот мәжілісіне қатысушы сот мүшелерімен бірге ақылдасуға шығып, шамамен 25 минуттан кейін оралды да, алғашқы сот шешімін өзгертпеу жөніндегі шешімін жария етті.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жетекшілері бұл шешімді заңсыз деп танитындықтарын мәлімдеді. Олар енді алдағы күндері қалалық сотқа шағымданбақ ниетте.