Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің жұмысшы тобы екі ай ішінде жаңа конституция жобасын әзірлеп ұсынды.
- Қазақстанның негізгі заңындағы кереғарылықтар, олқылықтар оның қызмет көрсету аясын тарылтып, басқа заңдардың да орындалмауына жағдай жасайды. Сол себептен, осы кемшіліктерді жоюды жұмысшы тобы мақсат етіп қойды, - дейді Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай.
Оның айтуынша, әу баста негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар жазып әзірлеуді көздеген жұмысшы тобы бас-аяғы екі айдың ішінде жаңа конституция жобасын дайындап ұсынып отыр.
Қазіргі Конституция мен өздері ұсынып отырған жоба арасындағы негізгі айырмашылықтарды Жармахан Тұяқбай былай көрсетті:
- Ең бастысы - адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Оларға қол сұғуға болмайтындығын, басқа азаматтың бостандығын бұзғаннан өзге жағдайда ешкім де оның азаматтық құқығын шектеуге құқығы жоқ екендігін конституция жобасында белгіленіп отыр.
Алайда, Қазақстан конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов оппозицияның бұл бастамасына байланысты Азаттық радиосының қойған сұрағына былайша жауап айтты:
- Қазіргі Қазақстан констуциясы әлі 100 пайызға жүзеге асырылып болған жоқ, мәселен, ондағы көптеген конституциялық құқықтар азаматтардың өздерінің немесе мемлекеттік орындардың жұмыстарында нақтылықтың жетіспеуінен іске қосылмай отыр.
Алайда Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы, республиканың бұрынғы бас прокуроры, Қазақстан парламенті мәжілісінің экс-спикері Жармахан Тұяқбай бұл пікірмен мүлдем келіспейді.
- Бұл - әбден тозығы жеткен ұстаным. Ол осы конституция қабылданғаннан бері айтып келеді: «Конституцияның мүмкіндіктерін пайдалану керек, пайдалану керек» деп. Ол конституция бүгін тек қана бір адамның, бір билік иесінің жағдайын жасауға бағытталғаны белгілі. Ол конституцияда басқа билікке, яки, азаматқа, қоғамдық азматтық институттарға мүмкіншілік мүлдем берілмеген. Сондықтан, оны пайдалану деген әшейін өтірік айтумен бірдей, - дейді Жармахан Тұяқбай.
Ал, Қазақстан конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов конституцияны өзгерту процесі өте қиын іс екендігін ескертіп отыр:
- Десек те, кез-келген заң жобасына, оның ішінде конституцияға ұсыныстарды кез-келген заңгер жасай алады. Бірақ оны қабылдау тәртібі тек конституциямен белгіленеді. Ал ол - өте күрделі процесс, кез-келген мемлекетте ол күрделі.
Жаңа конституция жобасын әзірлегендер өздері дайындаған маңызды құжатты алдағы президенттік сайлауға оппозициялық күштердің атынан қатысатын біртұтас үміткер жеңіске жеткен жағдайда жүзеге асыратындығын айтады. Мәселен, бұл орайда жұмысшы тобының мүшесі, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы былай дейді:
- Біртұтас кандидат - осы конституцияны алып өтуші тұлға болады. Сайланған күні ол парламент арқылы немесе референдум арқылы қабылдатуы тиіс.
Ал президенттік сайлауда өздерінің міндетті түрде жеңіске жетіп, билік қаласа да, қаламаса да бұл конституцияның қабылданатындығына жұмысшы тобының келесі мүшесі Болат Әбілов кәміл сенімді.
- Сайлауда жеңіп шығамыз. Ал конституция қалай болғанда да қабылданады, - деді Болат Әбілов.
Алайда, жаңа конституция жобасындағы кейбір мәселелер, нақтырақ айтқанда, президенттің туған-туыстарына жоғары лауазымды қызмет атқаруға тыйым салатын, оның бір мәрте ғана сайлауға түсуіне құқық беретін бірқатар баптар кейбір саясаткерлердің кері пікірін туғызып отыр.
- Бұл жоба ғой. Онда әлі көп проблемалар бар. Мысалы, туыстары қызмет атқаруға болмайды. Бұл құқықты шектеу емес пе?! - дейді президенттік «Отан» партиясы басшыларының бірі Қазбек Қазкенов.
Бұл уақытта Қазақстан президенті жанындағы қоғамды демократияландыру бойынша ұлттық комиссиясының мүшесі, Қазақстанның "Патриоттық партиясының" жетекшісі Ғани Қасымов өздері әзірлеп жатқан конституция жобасының әлдеқайда радикалды, кең құлашты екендігін айтады.
- Біздің нұсқа - өте радикалды! Бірақ негізгі қағидалары бойынша қоғамдық ұйымдар әзірлеп жатқан екі конституция жобасы да бір-біріне ұқсас, жалғыз айырмашылығы – демократтардың үйлестіру кеңесі жаңа конституция ұсынса, біз тек негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қалаймыз, - дейді "Патриоттар партиясының" төрағасы.