Сайлау өтісімен Ирақ өтпелі өкіметінің басшысы Лиад Аллауи ел азаматтарын әртүрлі топтарға бөлінбей, тізе біріктіре отырып, елді қайта құруға белсене араласуға шақырды. Өз қызметінің соңғы апталарында жаңа өкімет құрамына елдегі азшылық өкілдерінің енуіне күш салатындығын ол айтты. “Бүгін біз тарихи жаңа сатыға аяқ басып отырмыз. Ирақтықтардың бірлесе отырып біздің болашағымызды бірге құратын кезі келді. Дауыс бергендердің де, бермегендердің де ең басты міндеті- жаңа, тұрақты, қауіпсіз және гүлденген елді құру. Үрейлер мен жіктелуді артқа тастап, бірлесе еңбек етіп, осы ғажайып елдің күші мен мүмкіндігін әлемге танытатын кез келді”,-деді Аллауи мырза. Сайлау комиссиясы мәліметтеріне қарағанда, дауыс беруге тіркелгендердің 60 пайызы жексенбідегі үдеріске қатысқан екен. Осылайша Ұлттық Ассамблея мен жергілікті заң шығарушылар үшін ирақтықтар дауыс берді. БҰҰ және басқа да әлемдік басшылар аталған сайлауларды демократияның жеңісі, деп бағаласты. Көтерілісшілер шабуылдары кесірінен 40 адам қаза болған.