Оппозиция жиынынан соң ұсталған жеті адам әкімшілік жауапқа тартылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Дүйсенбі күні "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы қаңтардың 29-ы күні партияның Алматыдағы орталық кеңсесі алдында оппозицияның наразылық жиынына қатысқандардан 9 азаматтың әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлады.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының өткен сенбі күні Алматыдағы бас кеңсесі алдында өткен наразылық жиынына қатысқан тоғыз адамды полиция ұстаған еді. Солардың 7-еуі әкімшілік жауапқа тартылып, 5 белсенді сот шешімімен 2 тәуліктен 7 тәулікке дейін абақтыға қамалды деді оппозициялық партия белсенділерінің бірі Батырхан Дәрімбет.

- Біз қаңтардың 29-ы күні партияның жалпы жиналысын өткіздік. Оған елдің әр аймағынан, барлығы 3 мыңға жуық өкілдер шақырылған болатын. Алайда жергілікті биліктің тосқауылының салдарынан шақырылғандардың үштен бірі ғана келді дейді. Жиналыс біткен кезде желтоқсаншылардың туыстарының бірі “желтоқсан оқиғасынан кейін осындай үлкен жиын болып жатыр. Сондықтан сол желтоқсан оқиғасы болған жерлермен жүріп өтейік” деген ұсыныс тастады. Мұны келген азаматтардың барлығы қолдады. Сөйтіп біз Қарасай батыр көшесінің бойындағы жаяу соқпақпен жүреміз дегенде полицияның арнаулы жасағына тап болдық, - деді Батырхан Дәрімбет.

Ол ұйымдастырушылардың бұл жиынды Республика сарайында өткізуге рұқсат сұрап Алматы қалалық әкімшілігіне өтініш жолдағанын, алайда қалалық әкімшілік Республика сарайын беруден бас тарқанын да айтып берді. Сонан кейін жиын оппозициялық партияның бас кеңсесінің алдында өткен.

- Жиналған мыңдаған халықтың ішінен 9 азаматты құқық органдары алып кетіп, оларды Қазақстан әкімшілік кодексінің 355-і бабы, яғни полиция қызметкерлерінің қызметіне кедергі жасау және бағынбау деген айыптар тағып, жауапқа тартты. Партияның 5 белсендісі 2 тәуліктен 7 тәулікке дейін қамауға алынып, екеуіне айыппұл салынды, - деді оппозициялық партия жетекшісі Асылбек Қожахметов.

Ол құқық қорқау қызметкерлері әкімшілік жауапқа ұсталғандарды емес, осы жиынды ұйымдастырып, басқарған өзін тартуы керек еді деп санайды.

- Мен бұл жөнінде тиісті арыз-шағым түсірдім. Мұндай шағымды оппозиция серкелері - Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Батырхан Дәрімбетте жазды, - дейді Асылбек Қожахметов.

Осы мәселеге байланысты Алматы қалалық ішкі саясат департаментінің директоры Болат Жүнісбеков Азаттық радиосына мынадай түсініктеме берді:

- "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы өкілдерінің сөзі мүлде қисынсыз екендігін атап көрсеткім келеді. Іс жүзінде бұл партияның жұмысы тоқтатылған. Соған қарамастан қаңтардың 29-ында өз кеңселері алдында белгілі бір адамдар тобын жинап, жиын өткізбекші болды. Сол жерде прокуратура, жергілікті әкімшілік тарапынан жиынды өткізуге тиым салынатындығы жөнінде ескертілді. Бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Белсенді әрекет жасаған азаматтарды әкімшілік жауапқа тартуға тура келді.

Ал жиынды ұйымдастырыушылар заң алдында жауап беруі мүмкін бе? Бұл сауалдармен Азаттық тілшілері Алматы қалалық прокуратурасына хабарласқанымен прокуратураның баспасөз қызметі ол сұрақты жауапсыз қалдырды.

Жиын кезінде қамауға алынып екі күнге тұтқындалған Елтай Қалиев өзінің әкімшілік тәртіп бұзбағанын алға тартып, "заңсыз жауапқа тартылғаны" туралы мәлімдеді:

- "Полицияға қол көтерді" деп маған тағылған айыппен мүлдем келіспеймін. Мен ешкімге де қол көтергенім жоқ. Сот барысында маған 15 күн кескен болатын. Артынан отбасы жағдайымды - төрт баламды ескеріп 2 күн берді.