ИЕРУСАЛИМ: Бүгін Иерусалимде Израиль үкіметі түрмеде отырған 900 палестиндікті босату және Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Иерихон қаласынан бастап, оның артынша Тулькарм, Вифлеем, Қалқилия және Рамалла сынды 5 қаладан Израиль армиясын біртіндеп шығару жоспарын мақұлдады. 500-ге жуық палестиндік Израиль түрмелерінен алдағы аптада босатылуға тиіс. Алдағы сейсенбі күні Израиль премьер-министрі Ариэль Шарон мен Махмуд Аббас Мысырдың Шарм-Әш-Шайх курортындағы кездесуінде ресми түрде бітімге келеді деп күтілуде. Бұл кездесуге Иордания патшасы Абдулла мен Мысыр президенті Хосни Мүбәрәк дәнекер болып қатыспақшы. Кездесудің күн тәртібі қазір пысықталу үстінде.