А)Ш президентінің жолдауына қазақстандық сарапшылар қарама-қайшы пікір айтады

  • Досан БАЙМОЛДА
АҚШ президенті Дж. Буш кезекті жылдық жолдауында "терроризмге қарсы күрестің" маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық сарапшылар Ақ үй басшысының айтқанына қатысты қарама-қайшы пікірлер білдіреді.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дж. Буш АҚШ конгресі мен сенатының біріккен мәжілісінде «Елдегі және әлемдегі жағдай туралы» өзінің жылдық жолдауын жасады. Сыртқы саясат мәселесіне тоқталған АҚШ президенті терроризмге қарсы күресті соңына дейін, яғни қашан жеңіске жеткенге дейін жүргізбек ойда екендігін білдірді.

Оның айтуынша, "бүгінгі күні әлем елдері арасында халықаралық терроризмді қолдап отырған үкіметтер бар".

- Ал соңғы жылдары жүргізген күрестің арқасында "әл-Қайда" террористік ұйымы әлсіреп қалды, оның жетекшілері тоз-тоз болып кетті, - деді президент Буш. Ол сондай-ақ Ауғанстан мен Ирақта демократияның орнауына ат салысу қажеттілігін атап өтті.

Ақ үй басшысы Ирақта, Палестинада, Украинада және Ауғанстанда өткен сайлауларға "табысты болған" деген баға берді.

- Бұл демократияның бүкіл әлемге тарала бастауының көрінісі болды, - деді АҚШ президенті.

Дж. Буш Палестина мемлекетінің құрылуы жөніндегі АҚШ ұстанымын білдіре келе, бұл мақсатқа арнап Палестинаға көмек ретінде 350 миллион долларды бөлуді АҚШ конгресінен сұрамақ ниетте екендігін білдірді. Ол сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Мысыр басшылықтарын өз елдерінде демократиялық реформалар жүргізуге шақырды. Ал Иранды "терроризмді қолдап отыр және құпия түрде атом қаруын жасауға тырысып отыр" деп айыптады.

Мысыр, Малайзия елдерінде ұзақ жылдар Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Болатхан Тайжанның пікірінше, АҚШ президентінің бұл айтқандарына терең талдау жасау ләзім.

- Өйткені Буштың осы айтқандары мен оның іс жүзінде қалай орындалып жатқандығына көңіл бөлу керек. Мысалы, АҚШ кешегі күнге дейін Таяу шығыста бейбітшілік болсын, палестина халқы өз өзін басқаруы тиісті деген пікірді айтып келсе де, шын мәнінде Израильды қолдап отыр, - дейді Болатхан Тайжан.

Қазақстанның ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов болса, Дж.Буш басқарған АҚШ үкіметі "халықаралық терроризмге қарсы күрес" ұранын желеу етіп әлемді бір өзі жалғыз билемек саясатын жүзеге асыруды жоспарлап отыр деген пікір білдірді.

Қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев болса Ақ үй басшысы айтқан "терроризммен күрес" бүгінде әлем үшін өзекті проблема екенін атап көретеді.

- Дж.Буштың терроризммен күресу дегені дұрыс, қолдайтын нәрсе, өйткені терроризм тек Америка үшін ғана қауіпті емес, ол барлық әлем үшін қауіпті болып отыр, - дейді Балташ Тұрсынбаев.