Қазақстанда кедейшілік көрсеткіші ұлғайып барады

Біріккен ұлттар ұйымының кедейшілікті азайту бағдарламасының үйлестірушісі Малин Бергрен Қазақстанда тұрғындардың 20 пайызы кедейлерге жатқызылса, кедей болуға жақын тұрғандар саны бұдан екі есе көп екендігін айтады.
Қазақстанның еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері кедейшілікпен күрес бағдарламасының мақсаты - экономикалық өсім есебінен тұрғындардың табысын көтеру арқылы кедейшілік деңгейін азайту екендігін айтады.

- Біздің жағымыздан, атаулы әлеуметтік көмек көрсету және әлеуметтік саланы реформалау бағдарламасы - осының бәрі кедейшілікпен күреске арналған, - дейді еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстандағы кедейшілікпен күрес бағдарламасының үйлестірушісі Малин Бергрен қазақстандықтардың 20 пайызы кедейлер, ал кедейлікке жақын тұрғандар бұдан екі есе көп екендігін айтады.

- Осы мәселені реттеу үшін, үкіметтің шикізат саласынан басқа да салаларға көңіл бөлуі керек. Өйткені, мұнай және шикізат салаларында жұмыс орындары шектеулі, - дейді Малин Бергрен.

Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажановтың айтуынша, еңбекақыны әлі де көтеруге болады.

- Төменгі күнкөріс шегі қаңтар айында 5664 теңге болды. Соның 40 пайызынан аз алатындар кедей дейді еңбек министрлігі. Біз оған келіспейміз. Төменгі шек кем дегенде 11 мың теңге болуы керек, - дейді кәсіподақ өкілі.

Кәсіподақ өкілдері жұмыссыздық мәселесі шешілсе, кедейлер санын күрт азайтуға болады деген пікірде. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мұның жуық арада шешілуі екіталай екендігін айтып отыр.

- Жұмыссыздықты азайту - бәрін жұмысқа орналастыру ғана емес. Оны бүгін шеше алмаймыз, - дейді еңбек вице-министрі.

Нарық реформалары еңбек адамының жағдайын нашарлатып жіберді деген сын айтады кәсіподақ мүшелері. Себеп - тауарлар мен қызметтер құны әлемдік бағаға жақындап барады. Ал еңбекақы көлемі айтарлықтай өзгермеген. Еңбек министрлігі Қазақстандағы еңбекақы өсіп келеді және жұмыссыздар саны азайып бара жатыр десе, БҰҰ-ның Қазақстандағы кедейшілікті азайту бағдарламасының үйлестірушісі Малин Бергрен Қазақстанда кедейлер санын азайту үшін жұмыс орындарын көптеп ашып, еңбекақыны көтере түсу қажет деп санайды.

Малин Бергреннің пікірінше, көптеген адамдардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс шегіне жеткенімен тамағынан артылмайды. Халықаралық ұйымдардың көбісі Қазақстандағы кедейлер санын еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша есептейді. Халықаралық еңбек ұйымының сарапшысы Светлана Мисихинаның айтуынша, Қазақстанда ішкі жалпы өнім өсуінің көрсеткіштері жақсы және кедейшілік шынымен азайып келеді.

Кәсіподақтардың пікірінше, реформалардың арқасында еңбекақыны едәуір көтеруге, ең төменгі мөлшердегі мемлекет кепілдік беретін әлеуметтік нормативтерді заңдастыруға болады. Сараптай келе еңбекақы мөлшері ұлғайса, одан түсетін салық мөлшері де қомақтырақ болады дейді олар.