Ливан үкіметбасы болған Рафик Харириді жерлеу рәсімі бүгін өтеді

Бұдан екі күн бұрын бомбалық қастандық шабуылының құрбаны болған Рафик Харириді Бейрут мешітінде ақтық сапарға шығарып салуға көптеген шетелдік қайраткерлер, Батыс жане Араб әлемі елдерінің өкілдері келеді. Ливан ресмилерінің айтуынша, 60 жастағы Харири дүйсенбі күні Бейруттта жанкешті жарған бомба жарылысында ең кемінде басқа да 14 адаммен бірге мерт болған-ды. АҚШ сейсенбі күні Сириядағы елшісін Вашингтонға шақырып алды. АҚШ бұл шабуылдарға тікелей Сирияның қатысы бар деп айыптаған жоқ, бірақ осы оқиғаның өзі Ливандағы Сирияның әскер күштері елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға қызмет етіп тұрған жоқ деп айтқан. Ақ үйдің баспасөз өкілі Скот МакКлеллан былай дейді. -Біз Сирия өз ұстанымын өзгертіп, бұл аймақта сындарлы роль атқаратындығын көргіміз келеді. Және біз Сирия террорлық актілерге жол бермеу үшін өз ықпалын пайдаланып, қажетті қадамдарға барғанын да көргіміз келеді. Біз мұны анық, түсінікті етіп айттық. Сирия мен оның әскерлерінің Ливанда болуы аймақтың тұрақсыздығын туғызатын күштер.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Америка мен Сирия қарым-қатынастары күрделеніп, нашарлап барады деп сипаттап, Хариридің қазасын зерттеп, оған жауаптыларды табуға шақырды. Сирия Харириді өлтірген террорлық шабуылға қатысымыз жоқ деп мәлімдеуде.