Ауған жастарының поп музыкаға әуестігі ересектерге ұнамайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Талибан билігі тұсында музыканың қандай түріне болмасын тыйым салынған Ауғанстанда бүгінгі таңда жастар поп музыка саласына айрықша қызығушылық танытып отыр. Алайда оны елдегі ислам шарттарын қорғаушылар сынға алып жүр.
Талибан билігі тұсында музыканы тыңдау "шариғат заңдарына қайшы" деген уәжбен тыйым салынған еді. Тәліптер өкіметі құлатылғалы бергі үш жыл ішінде елде бұл орайда айтарлықтай өзгерістер болды. Мысалы, ел астанасы Қабулдағы Туо-Лоу деп аталатын жеке теледидардың танымалдығы күннен-күнге артып келеді.

Өткен бес ай ішінде аталған теледидар бекеті “Хоп” деп аталатын музыкалық бейнетаспаны түнгі бір сағаттық бағдарламасында көрсетіп келеді. Алайда елдегі ислам шарттарын қорғаушылар “Хоп” бағдарламасын “жастарды бұзады” деп сынға алып жүр.

“Хоп” бағдарламасында батыстың поп музыка жұлдыздары Мадонна және Женифер Лопезбен қатар ауған жастары иран, түрік және үнді поп жұлдыздарының да әндерін тамашалай алады. Соның нәтижесінде, көрермендердің пікірін зерттеу үдерісінің анықтағанындай, “Хоп” бағдарламасы өмірге келген бес ай ішінде-ақ аса танымал бағдарламаға айналған.

Бір сағаттық бұл бағдарлама жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат жеті жарымда басталады. Жедел түрде соңғы жаңалықтар көрермен назарларына ұсынылады. Бағдарламаның жылдамдығы - тым шапшаң. Сол себепті көрермен жалыға қоймайды.

Туо-Лоу теледидарының жаңалықтар бойынша директоры Саяд Сулейманның Азаттық радиосына айтуынша, болашақта “Хоп” бағдарламасын Қабул қаласынан басқа да ірі қалалар мен аймақтарға кеңінен тарату көзделіп отыр. Туо-Лоу теледидарын құрған ауғандық іскер азамат Саад Мохсени және оның отбасы мүшелері екен.

Аустралияда 20 жыл тұрғаннан кейін ол 2002 жылы Ауғанстанға қайтып оралған болатын. Аталған телебекеттің алғашқы негізгі қаржылай демеушісі болған АҚШ халықаралық даму агенттігі еді. Бұл агенттік сонымен бірге елдегі "Арман" атты жеке радионың жұмысын да қаржыландырған болатын.

- Ауғандықтар тыңдарман ретінде әзір ме, жоқ па ол жағын тыңдармандардың өзі шешеді. Бұл зиялы қауым мен академиктердің немесе сарапшылардың шешетін шаруасы емес. Егер халық бұл бағдарламаларды үлкен құлшыныспен көрсе және бағдарламалар танымал болса, демек аталған бағдарламаны қабылдауға көрерменнің әзір болғаны деген сөз, - дейді Мохсенидің өзі "Хоп" бағдарламасы жөнінде.

Ислам шарттарының орындалуын қадағалаушы ел азаматтары “Хоп” сияқты бағдарламаның көрсетілуіне қарсы болып келеді. Табанды түрде қарсылық білдірушілердің бірі - Ауғанстан Жоғарғы сотының бас судьясы Фазыл Хади Шинвари.

- Бұл біздің қоғамымызды, мәдениетімізді бұзады. Одан да сорақысы, біздің халқымызды ислам жолынан кері бұрып әкетіп, сол арқылы елімізге іріткі салмақшы. Бұл біздің халқымыздың басқа мәдениетті қабылдауына жағдай жасап, осылайша елімізді әлем алдында сайқы-мазаққа айналдыратын болады, - деді Фазыл Хади Шинвари.

Дей тұрғанмен, Қабулдың жас тұрғындары бас судьяның бұл пікіріне құлақ асқысы келмейтін сыңайлы. Ал “Хоптың” осындай музыкаларына қатысты елдің жасамыс тұрғындары “Ислам қайраткерлерінің пікірлері еліміз үшін аса маңызды” деген ойларын айтады. Жеке радио, телебекеттер өз жұмыстарын одан әрі өрістеткен сайын елде поп музыка айналасындағы дау-дамайлардың қыза түсетін түрі бар.