Баспасөзге шолу. 19 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Сенбі күнгі газеттерде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы мен соған қатысты сарапшылардың пікірлері жарық көріпті. Тәуелсіз басылымдарда экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстанға қайтып оралуы мүмкін екендігі туралы болжамдар айтылыпты.
“Егемен Қазақстан”, “Литер”, “Айқын”, “Казахстанская правда”, “Экспресс К” басылымдарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауы мен осыған қатысты өз ойын ортаға салған сарапшылардың пікірлері жарық көріпті.

Парламент сенатының депутаты Нұрлығайым Жолдасбаев “Егемен Қазақстан” басылымы арқылы Қазақстан президентінің саяси реформаларды абайлап жүргізу керектігі туралы пікірін қолдайтындығын білдірген. Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының жетекшісі Владислав Косарев болса, президент жолдауынан жақсы әсер алғандығын айта келіп, ол жолдаудағы "мемлекеттік шенеуніктердің қарапайым халықтың алдындағы жауапкершілігін арттыру проблемасын" баса айтуы керек екендігіне тоқталыпты.

Владислав Косаревтің пікірінше, атқарушы биліктегі мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселесін қазіргіге қарағанда әлде де батылырақ айтылғаны жөн. Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов болса, президент Назарбаевтың "конституцияның мүмкіндіктері әлі толығымен пайдаланылмай келеді" деген пікіріне қосылатындығын білдіріпті.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов “Литер” басылымы арқылы президент Назарбаевтың жолдауынан Қазақстанның демократиялық реформаларды жүргізуді әрі қарай жалғастыра беретіндігі анық аңғарылды деген ойын білдіріпті. Ал, “Айқын” басылымында Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Мәулен Әшімбаев ел президентінің “конституция өз мүмкіндігін әлі түгесіген жоқ” деп айтуы, негізгі заңға жақын арада өзгерістердің жасалмайтындығын аңғартады деген пікір айтыпты. Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтің пікірінше, президент жолдауынан "саяси күштермен саяси диалог арқылы тіл табысу мақсаты байқалады". Дегенмен Бөріхан Нұрмұхамедов "президент саяси реформаларды жетілдіруді біраз қамтыса да, нақты шешімге келе алмай отыр" дейді. Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, осы тарапта оппозициялық күштердің арасында көңіл толмаушылық болуы мүмкін.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы президент Назарбаевтың елде айлық пен зейнетақыны көбейтуге уәде бергендігіне айрықша тоқталыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, келешекте "ең аз зейнетақының көлемі 12 мың теңге" болады. Сонымен қатар, студенттердің стипендиясы екі есеге шейін көтеріледі. Мемлекет басшысының айтуынша, 2006 жылдан бастап, балалары 28 жасқа жетпеген әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға ай сайын өтемақы төленіп тұратын болады. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 2005 жылдың жартысында 32 процентке, ал 2006 жылы тағы 30 процентке көтерілетін болады.

“Жас Алаш” басылымы болса президент жолдауын жасап жатқан кезде парламент ғимаратында кенеттен жарықтың сөніп қалғандығына тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, осы оқиғадан кейін Нұрсұлтан Назарбаев 45 минуттай үзіліс жасауға мәжбүр болған.

Сондай-ақ тәуелсіз басылымдардың бетінде келешекте Қазақстанға экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің қайтадан оралуы мүмкін екендігі туралы болжамдар айтылыпты.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген “Сұлтандар мен Нұрсұлтандарға” атты мақалада Америка Құрама Штаты конгресінің палатасында Орталық Азия елдеріндегі адам құқығы мәселесіне қатысты резолюция қабылданғандығы айтылып, аталмыш құжатта саяси көзқарасы үшін қудаланған экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің өз еліне қайтып оралуына жағдай жасау қажеттілігі сөз болғаны жазылыпты. Сондай-ақ бұл резолюцияда Қазақстан үкіметінен Америка Құрама Штатының әділет департаментіне “Қазақгейт” мәселесіне қатысты тергеу жұмысын жүргізу үшін көмек сұралған. Мақала авторының айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне Кондолиза Райстың келуімен Ақ үйдің сыртқы саясаты күшейгендіктен, таяу арада Орталық Азия елдерінде елеулі өзгерістер болуы ықтимал.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының “Қажыгелдин “елге қайтты” атты мақаласында экс-премьер Батыста қуғындалып жүргенде Қазақстанда талай-талай өзгерістердің болғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Қажыгелдин басқа арнаға түскенде, онымен бірге қызметтес болғандардың кейбіреуі одан бойын аулақ салып, тіпті оған топырақ шашуға шейін барған. Кейіннен солардың кейбірі Әкежан Қажыгелдин жүріп өткен жолға түскен.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, қазіргі оппозиция басшылары айтып жүрген конституциялық реформа, әкімдерді сайлау мәселелерін де алғаш болып көтерген саяси тұлға да экс-премьер Әкежан Қажыгелдин. Мақала авторының айтуынша, экс-премьер Әкежан Қажыгелдин президенттіктен үміті бар екендігін сездіре бастаған тұста-ақ, ол халық жауындай сипатталып, оның есімін атауға тыйым салынып, оның жай бейнесін көрсетуге болмайтын заман орнаған.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, егер де сыртынан он жылға бас бостандығынан айырылған Әкежан Қажыгелдинге Қазақстанға қайтып оралуына жағдай жасалынса, соңғы оқиғалардан кейін, біраз абдырап қалған “Ақ жол” партиясының, Демократиялық күштер үйлестіру кеңесінің салмағы арта түспек.