Қазақстандық өнертапқыштар мемлекет пайдасына жаратылатын тың техникалық жаңалықтарды меншікке алып, заңдастыру "әуресі көп шаруаға" айналып бара жатқанын айтады.
Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университеттің 2 курс студенті Марғұлан Құрмет бала кезінен техникаға бейім өскендердің бірі. Осы уақытқа шейін ірілі-ұсақ небір құрал-саймандар құрастырумен шұғылданған жас жігіттің соңғы жасаған техникалық жетістігі - тоқ өндіретін шағын су электр стансасы. Жас өнертапқыштың айтуынша, өзі ойлап тапқан дүниесіне ақша бөлуге келіскен демеушілер қазір бірте-бірте шығып жатыр.
- Дегенмен, 2 жыл бұрын жасалған бұл құрал-жабдықты өндіріске ұсынудың енді ғана сәті туып отыр. Бұлай ұзақ жүруіме патент алу қиындығы себеп болды, - дейді Марғұлан Құрмет.
Сонымен бірге ол тиісті құжатты ертерек алуға... орыс тілін білмегендігі біраз кедергі болғанын айтады.
- Патент алу үшін өтініміңді орысша жазуың керек екен. Ал мен қазақ отбасында тұрамын. Орысша жазу маған қиын. Оның үстіне ғылыми тілде жазудан қиналдым, - дейді жас өнертапқыш.
Қазақстан әділет министрлігінің зияткерлік меншік комитетінің жетекшісі Нұрғайша Сахипова отандық өнертапқыштардың меншік құқын тіркеу ісі көп-көркім дамып келеді деп отыр. Оның сыртында, техникалық жаңалық, жетістігін заңдастыратын адамдардың бұл шаруаға жұмсайтын төлем жарнасы ТМД көлемінде өзге елдерге қарағанда Қазақстанда әлдеқайда арзан екендігін айтады комитет басшысы.
- Ал, патент қағазын беру мерзімінің ұзақтығына білікті сарапшылардың аздығы әсер етіп отыр. Біз жылына ең кемі 1500-ге жуық арыз-өтініш қабылдап, шешім шығаруымыз керек. Ол үшін ақша алмау мүмкін емес. Сарапшылар тегін істемейді. Сондықтан бұл шаруаның машақаты көп, әрине, - дейді Нұрғайша Сахипова.
Оның айтуынша, еңбегін басы бүтін өзге тұлғаларға сатып жібергендер Қазақстанда бар. Ондайлардың ұзын-ырғасы қазір 200-ден асады екен. Қазақстандық авторлардың құқын қорғау қауымдастығының Алматыдағы өкілдігіндегілер өздеріне бұл мәселе бойынша құқы шектелгенін айтып арызданып келушілердің болмағанын айтты.
- Бізде ондай мәлімет тіркелген жоқ.
Қазақстандық бірқатар өнертапқыштарға жаңалық авторы екенін растайтын қағазды алған күннің өзінде жылына бір мезгіл 1200 теңге жарна төлеп отыру міндеттелген. Индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға талаптанып жатқан Қазақстан үкіметі өнертапқыштарды бұлайша ақша төлеткенше, керісінше, қаржы беріп, қолдау жасасын дейді шеберлер.
Ал, өнертапқыштардың дүниесін тіркейтін санаткерлік меншік жөніндегі комитеттің басшысы Нұрғайша Сахипова "заттары өндірісте іске асып, қолы жүріп кеткен өнертапқыштардың аз ақшаға бола дауласуы - ұят шаруа" деп сыни пікір айтады.
Алматыдағы ұлттық инженерлік академияның аға ғылыми хатшысы Амандық Төлешов отандық өнертапқыштардың жетістігі мұнай өңдеп, тасымалдау ісінде қазір кең қолданылып жүргенін айтып, сонымен бірге жеке зерттеулермен айналысатын зор ғалымдардың жүзеге аспай жатқан дүниелері де өте көптігін атап өтті. Ғалымның айтуынша, бір басында жүзден астам ғылыми еңбегі бар өнертапқыштардың ең кемі 3 жаңалығы іске асса, оның өзін үлкен олжа көруге болады екен.
- Өнертапқыштықтың арқасында дәулет жинауға болады. Тірі кезінде еңбегінің қызығын көрмей кеткендер бар ғой. Оның бәрі ұрпағына қалады, - дейді ғалым.
Зияткерлік меншік комитетінің мәліметі бойынша, 12 жыл ішінде Қазақстанда түрлі зат-бұйымға 20218 патент берілген екен. Ал, ойын іске асырып, кәсіпорындармен келісім-шарт жасасқан өнертапқыштардың ғылыми еңбегі 180-ге жуықтап қалған.