“Мәңгілік сарын” қазақ күйлерінің антологиясы шықты

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Күйтабаққа қазақтың таңдаулы деген 260-қа жуық тек домбырамен ойналатын күйлері енгізілді. “Мәңгілік сарын” компакт-дискісінің редакторы күйші Саян Ақмолданың айтуынша, бұл шара Қазақстан республикасының “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалып отырған шаруаның бірі.
Жаңа антологияға негізінен Қазақ радиосының алтын қорында сақталған, ішінара орталық мемлекеттік мұрағатта жатқан күйлер мен өнертанушылардың ел-елді аралып жүріп, жазып алған, ұмытылып бара жатқан күйлері енгізіліпті.

- Күй өнері – ұлттық өнеріміздің үлкен бір арнасы. “Мәңгілік сарын” жинағына 260-қа жуық күйдің ең таңдаулылары енгізіліп отыр. Алғашқы мега-альбомда қазақтың дәулескер күйшілері – Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгірдің домбырашылық мектебі орындаушыларына кеңінен орын берілді. Тоғыз күйтабақтың алғашқы үшеуі Батыс Қазақстан аймағының күйшілік дәстүріне арналса, төртінші табақ осы өңірдің Маңғыстау аймағын қамтиды. Онда Қартбай, Абыл секілді күйшілердің шығармалары бар. Алтыншы күйтабаққа Арқа өңірінің, яғни Тәттімбет, Айдос, Дайрабай, Әшімтай сынды күйшілердің күйлері енді. Жетінші табақ Шығыс Қазақстан өңірінің Байжігіт, Мәсғұт, Бейсенбі күйшілерге арналса, сегізінші күйтабаққа Жетісу өңірінде өмір сүрген Байсерке, Шортанбай, Тілендінің күйлері жазылды. Соңғы, тоғызыншы күйтабақ халыққа кеңінен тараған Қаратау мектебіне арналды. Одан Сүгір салған соқпақтың жалғастырушылары Бапыш пен Төлеген Момбековтың күйлерін тыңдауға болады, - деді күйші Саян Ақмолда.

Белгілі күйші Қаршыға Ахмедияров “күй өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін шебер орындаушылар тәрбиелеу керектігін” айтады.

- Қазақтың бірнеше ғасырлық күй мұрасы басқа ешбір халықта кездеспейді. Осы мұраны қандай дәрежеде болмасын халқымыз бізге дейін қаймағын бұзбастан жеткізді. Біз де қал-қадірімізше осы салада еңбек еттік. Енді келесі ұрпаққа қалай жеткіземіз деген мәселе жайлы ойлануымыз керек, - дейді күйші Қаршыға Ахмедияров.

Зерттеуші Базаралы Мүптекеев бүгінде ұлттық өнердің белгісіз орындаушыларының қатары күн санап азайып бара жатқанына қынжылыс білдіреді.

- Біздің мақсатымыз - халық арасындағы қаймағы бұзылмаған, ұлттық бояуынан айырылмаған өнерді жинап алу. Зертеуші болғаннан кейін жыл сайын екі-үш рет ел аралап, алыстағы ел ішінде боламыз. Сонда байқағанымыз – ел іші тұнып тұрған өнер. Бүгінде жастары жеткен ата-әжелеріміз ұлттық өнердің нағыз қайнар бұлағы. Біз бүгін тек жинап алуды ғана ойлауымыз керек. Жастардың өнерге деген талпынысы да жақсы. Олар тек Құрманғазы, Дина, Тәттімбет күйлерімен шектеліп қалмайды. Ертең олар мол ақпаратты қажет ететін болады, - дейді Базаралы Мүптекеев.

“Мәңгілік сарын” атты күйлер жинағын шығаруға атсалысқан мамандар алдағы уақытта қобыз, сыбызғы күйлерін топтастыруды қолға алмақ.