Бірқатар қазақ газеттеріне алпауыт кәсіпорындар иелері көз тігіп отыр

  • Ескендір ЕРТАЙ
Кейінгі кезде Қазақстан қоғамында Александр Машкевич басқаратын Еуразиялық өндірістік топтың қазақ тілінде шығатын кейбір ақпарат құралдарын өз иелігіне алуға мүдделі болып отырғандығы туралы жиі айтыла бастады.
Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі тәуелсіз басылымдар - «Түркістан», «Қазақстан» және «Жұма-таймс» газеттеріне Александр Машкевич басқаратын Еуразиялық өндірістік топтың иелік етуге құштарлық танытып отырған туралы жиі айтыла бастады.

- Мұндай әңгіменің шыға бастағанына біраз уақыт болды. Бірақ маған ресми түрде ешкім хабарласқан емес, - деді Азаттық радиосына «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшеддин Пәттеев.

Қазақстандық журналист Ермұрат Бәпи Еуразиялық өндірістік топтың атынан «Қазақстан» газетіне ұсыныс түскенін білетінін айтады. «Қазақстан» газетінің редакторы Серғазы Мұқтарбекұлы іссапарда жүруі себепті онымен сұқбаттасудың сәті түспеді. Ал «Жұма-таймс» газетінің директоры Жұмаш Кенебай болса, соңғы кездері осындай әңгіме шыққанын, бірақ өзіне ешқандай ұсыныс болмағанын жеткізді.

- «Хабар», «КТК»-ның артында сол тұр деген алыпқашпа сөз бар. Алайда, маған, «Жұма таймс» газетінің басшысы ретінде тікелей ұсыныс түскен жоқ, - деді Жұмаш Кенебай Азаттық радиосына.

Александр Машкевич басқаратын Еуразиялық өндірістік тобының баспасөз хатшысы Жарқынбек Әлімбетов қауымдастық туралы айтылып жүрген жайлардан хабардар екенін, әйтсе де "Қазақстан заңы бойынша шетелдік компания қазақстандық газетке иелік ете алмайтындығын" атап айтты.

Саясаткер Әміржан Қосанов бизнесмен Александр Машкевич өзі көрінбей қалтарыста отырып-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарына басқа біреулер арқылы иелік жасай алады деген пікір білдіреді. Журналист Ермұрат Бәпи «Түркістан» және «Жас алаш» газеттері бұрын үкіметтік басылым болғандықтан билік оларға қысым жасап, қайтарып алып, қаржылы топтарға иелікке сатуы әбден мүмкін деген ой айтады.

Саясаткер Әміржан Қосанов мұндай әңгіменің өріс алуы қазақ тіліндегі басылымдардың сапалық жағынан өсіп келе жатқандығын көрсетеді деп санайды:

- Егер бұлар керексіз газет болса оларға ешкім де таласпайды.

Қазақ басылымдарына биліктің назары ауып отырғандығын парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталова алда президент сайлауының жақындап қалғанымен түсіндіреді.

- Сайлау кезіндегі үлкен рөл атқаратын қазақ электоратының арасында билікке наразылықтың күшейіп келе жатқандығынан билік қорқып отыр,- дейді сенат мүшесі Зәуреш Батталова.

Қазақстандық кейбір саясаткерлер тәуелсіз басылымдарға Александр Машкевичтің басқаруындағы Еуразиялық өндірістік тобы мен биліктің назар аудара бастауын үкіметтік газеттердің ел арасында беделінің төмендігінен және алдағы уақытта Қазақстанда өтпекші ауыл әкімдері, сенат депутаттары және президент сайлаулары кезінде қоғамның сеніміне ие ақпарат құралдарына туған қажеттілік деп түсіндіреді.