«Мемлекеттік тіл» қозғалысы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады

  • Гүлмира ХАМЗА
Қазақ тілінің жай-күйін жақсартуға қатысты түрлі пікір айтқан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мүшелері тіл мәселесін көтеріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады.
Ақпанның 25-і Алматыдағы Жазушылар үйінде қаламгерлердің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл - Қазақстан халықтарын біріктіруші тіл» атты шара өтті. Онда былтырғы жылдың аяғында құрылған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мүшелері қазақ тіліне байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу қабылдады.

Қоғамдық қозғалысқа мүше азаматтардың ойынша, мемлекеттік тіл мәртебесін іс жүзінде көтеру үшін қолданыстағы тіл туралы заңды қайта қарау керек. «Мемлекеттік тіл» қозғалысының жетекшісі ақын Мұхтар Шахановтың айтуынша, Қазақстанда қабылданғанына 15 жылдан астам уақыт өтсе тіл туралы заңның тиісті пәрмені жоқ екендігін, ал халық арасында қазақ тілінің халі бұрынғы кейпінен арыла алмай отырғандығын айтады.

- Дәл осы кезеңде республикамызда шамамен 1,5-2 миллиондай адам өз ана тілінде сөйлемейді. Сөйлеп жатса да, амандық-саулықтан ары аса алмайды. Яғни, өз ұлтымыздың ішінен жаңа ұлт - космополит қазақтар ұлты өсіп шыққаны тарихи шындық. Олардың тәрбиесін көрген ұрпақ та сол әке-шешесінің бағытымен кетуі мүмкін. Мұның дәлелі ретінде мына ақпаратты келтірер едім: бүгінгі таңда елімізде 400 мың қазақ баласы орыс тілінде білім беретін мектепте оқиды, - дейді «Мемлекеттік тіл» қозғалысының жетекшісі, Қазақстан парламентінің депутаты Мұхтар Шаханов.

«Мемлекеттік тіл» қозғалысына республикада жарық көретін оншақты газет-журнал редакторлары, Әзілхан Нұршайықов, Смағұл Елубай сияқты жазушылар мүше. Алайда, олардың арасында қозғалыс жетекшісі Мұхтар Шахановтың әлгіндей пікірімен келіспейтіндер де бар.

- Сіздер 10 жыл бұрын шетелге кеткенде, бұл мәселеге біз үтір қойып қойған жоқпыз, бұл мәселе тоқтап қалған жоқ. 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы, сол кезде ерлік жасап қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселе көтерген біздің ғұлама академикіміз Әбдуали Қайдаровтың бастауымен бірталай жұмыс жасады, - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Жұрт арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін елде тіл реформасын жүргізу керек деп санайтындар да кездеседі. Сондай-ақ, бұл мәселеде қазақ тілін күштеп оқыту саясатын жақтайтындар да бар.

- Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қаржы бөлу ләзім. Екіншіден, орыс тілді қазақтарды ана тілін білуге зорлап көндіру керек. Үшіншіден, жаңа қазақтарды 2-3 жылдай қаладан ауылға жер аудару керек, - дейді жазушы Әзілхан Нұршайықов.

Мемлекеттік тіл мәсесіне арналған жиында зиялы қауым өкілдері мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды сынға алды. Мұхтар Шаханов мұндай азаматтарға арнап жазған өлеңін де оқыды. Дегенмен, жиын барысында әлгіндей топқа жататын азаматтарға да сөз беріліп, олар да өз пікірін ортаға салды.

- Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін түрлі заң қабылдап, мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде ұрандатып әңгіме көтеруден бұрын, қазақ тілін үйрететін бағдарлама әзірлеп, оқулық шығару керек, - деді сценарист Зәуреш Әбдешқызы.

Тіл жанашырларына арнап сөйлеген сөзінде Зәуреш Әбдешқызы қазақтарды тіл білетіндер және тіл білмейтіндер деп екіге бөлуге болмайды дегенді айтты. Залда отырғандардың арасында мұндай пікір ұнамаған азаматтар сөйлеушінің айтқанына өз наразылығын білдіріп жатты.

Жұма күнгі жиын соңында «Мемлекеттік тіл» қозғалысының мүшелері қазақ тілінің мәртебесін көтеруді мемлекеттік деңгейде шешу мәселесін айтып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу қабылдады.