Бүгін Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп жатыр

Парламенттегі 75 орынға шамамен 400 үміткер таласып отыр. Алайда Орталық сайлау комиссиясы саяси наразылығы аса қатты боп тұрған Ыстық-Көл облысы Тоң ауданында дауыс беруді екі аптаға шегіндірді. Комиссия оппозициялық демонстранттар апта басында жолдарды жауып, сайлау бюллетендерін жеткізуге бөгет жасады деп айыптады. Тоң ауданындағы жұрт оппозициялық үміткер Арсланбек Малиевтың сайлаудан аластатылғанына наразы. Оппозиция басшыларының бірі Роза Отынбаева кешегі сөзінде билік тәуелсіз интернет-сайттарға жол жауып, тәуелсіз газеттерді таратуға бөгет жасап жатыр деп айыптады.

АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Стефен Янг бүгінгі сайлау АҚШ демократиялық талаптарына сәйкес болмаса екі ел қатынасына нұқсан келуі мүмкін деді. Қырғызстан үкіметі АҚШ ішкі шаруаларымызға қол сұқса, мұның салдары қиын болады деп ескертті.