Қазақ үкіметі мен БҰҰ агенттіктері арасында 5 жылдық іс-қимыл жоспарына қол қойылды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ
Жуық 5 жылда БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметі халықтың денсаулығын нығайтуға, кедейлікті азайтуға, өмір сапасын көтеруге, қоршаған ортаны қорғауға және демократиялық реформаларға көмектесуге бағытталатын болады.
Бұл туралы дүйсенбі күні Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Қол қойылған іс-қимыл жоспары БҰҰ-ның 2005-2009 жылдарға арналған "Елдік бағдарламаларына" сәйкес, - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай.

Аталған жоспарға қол қою рәсіміне сыртқы істер вице-министрі Асқар Шәкіров, БҰҰ-ның резидент-үйлестірушісі және БҰҰ даму бағдарламасы мен ЮНФПА ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Юрико Шоджи, БҰҰ-ның балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Александр Зуев қатысқан.

- "Елдік бағдарламаның" басты мақсаты - Қазақстандағы барлық бала құқығын жүзеге асыру саласында үкіметті қолдау және қоғамның балалар тағдырына жауапкершілігін нығайтатын қолайлы ортаны қалыптастыру. Басты үш стратегиялық бағыт болады. Алғашқысы - қоғамды мобилизациялау және тәжірибелік білімді тереңдетуге әлеуетті арттыру, отбасыларына көмек көрсету. Екінші бағыт кейбір облыс, аудандарда балаларға жасалатын қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталмақ. Бұндай пилоттық жобалар одан әрі кеңінен таралып, қолданылуға үлгі болады деп ойлаймыз. Ал үшінші маңызды бағыт - әлеуметтік саясатты қолдау және аз қамтылған адамдар тобына - балаларға, отбасыларына әлеуметтік көмек көрсететін жергілікті билік органдарының рөлін күшейту болады, - дейді БҰҰ-ның балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Александр Зуев.

Сондай-ақ Зуев мырза ауылдық елді мекендерге арналған бірқатар пилоттық жобалар болатынын, бірінші кезекте бұл Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Ақмола облыстарында жүзеге асырылатынын айтып берді. Ресми деректер бойынша ЮНИСЕФ Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді.

- БҰҰ-ның "Елдік бағдарламасының" 2005-2009 жылдарға арналған жоспары үкімет пен БҰҰ-ның даму бағдарламасының өзара іс-қимылын анықтайды. Бұл орайда үш бағыт айқындалған - кедейшілікті кеміту, экологиялық тұрақты даму, демократиялық басқару және даму салалары. Кедейшілікті кемітуде даму бағдарламасы кедейшілік деңгейін азайтуға бағытталған саясат дайындауға Қазақстан үкіметіне көмек көрсетеді. Сондай-ақ, шағын қаржыландыру секторына, жеке секторды дамытуға және ВИЧ/СПИД дертіне қарсы күрес саласына көмек көрсетеді, - деді БҰҰ даму бағдарламасының жобалар және бағдарламалар бойынша аға ассистенті Гаухар Жорабекова.

Ал демократиялық басқару саласында мемлекеттік қызмет реформасына, парламент әлеуетін нығайтуға, адам құқығын қорғауға және азаматтық қоғамды дамытуға көмек жасалатыны аталды.