Бүгін Ирақта кеше Хилла қаласында жанпидашыл-қаскөйдің бомба шабуылында қаза тапқан 100-ден астам құрбанның жаназасы оқылып, жерленді. Өткен түнде ол шабуылдан ауыр жарақат алғандардың тағы да алтауы қаза тапқан. Сонымен, дәрігер Әли Хасунның айтуынша, мерт болғандар саны 120-дан асқан. Ал жалпы жарақат алғандар 140-тай адам. Шабуылға кезіккендер Хилла қаласындағы полиция және ұлттық күзет мекемесінен жұмыс табуға үміттенгендер екен. Ол қанды шабуылды әлемдегі бірқатар мемлекеттердің елбасылары, сондай-ақ БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан да айыптады.