Туберкулезді емдейтін жаңа дәрілер табылды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Көкірек ауруы - аса қатерлі дерт. Бірақ оны емдеуге болады. Толық емдеуден өту мерзімі - 6 ай. Аурулардың барлығы бірдей мұндай ұзақ мерзімдік емделуден өтуге шыдай бермейді. Ал ғалымдар болса емдеу уақыты ұзаққа созылмайтын дәрілердің жаңа түрін ойлап тапты. Наурыздың 24-і туберкулезбен күрестің халықаралық күні деп жарияланып отыр.
Бір қызығы ғылым саласында кейде нағыз жаңалықтар кездейсоқтық жағдайында дүниеге келіп жатады. Белгия ғалымдарының ашқан жаңалығының тағдыры да осыған ұқсас болды. “Жонсон энд Жонсон” дәрі-дәрмек компаниясында жұмыс істеген бір химик ғалым өзі күткендегіден басқаша бағыттағы құрылымды жаңалық ретінде ашады да, алайда компанияның “химиялық заттар кітапханасы” деп аталатын сөреге апарып қоя салады.

Сонымен ашылған жаңалық, өзінің өмірге жолдама алар күнін күтіп сөреде жата береді. Күндердің-күнінде компанияның басқа бір ғалымдары әлгі құрылым табиғатынан күтпеген, тосын жаңалықты тапқандай болған екен. Компанияның зерттеу тобына жетекшілік етуші Коен Андрестің айтуынша: “Туберкулезды емдейтін дәрі-дәрмекке қажетті жоғарғы сападағы заттың бәрі дерлік осы құрылымда бар болатын”.

“Біздің дәріміз бұрыннан бар дәрімен араластырылған кезде бұрынғы емдеу уақытын 50 пайызға қысқарта алатындай тәсілге қол жеткізген болатынбыз. Бұл емді сырқаттарға қолданған жағдайда емдеу уақытын алты айдан үш айға дейін қысқарта алар едік. Мұның өзі керемет жетістік болады”, дейді Андрес ғалым.

Р207910 деп аталатын бұл құрылым көкірек, құрт ауруын емдеуде соңғы 40 жылда табылған ең мықты дәрі болғалы тұр. Бұрынғы бар дәрілерден гөрі бұл басқаша жағдайда әсер ететін болады. Атап айтқанда, туберкулез бациласы өмір сүруге қолайлы энергияны бұл жаңа дәрі жоятын болады.

Әлемде аталған дертке қарсы басқа да дәрілер ойлап табылуда. Үнді ғалымдары өткен жылы Судотерб деп аталатын жаңа молекуланы ашқандарын хабарлаған болатын. Ол молекула көкірек ауруы дәрілерін әрі қарапайым, әрі тиімді етеді. Туберкулезды зерттеу бойынша Лондонда орналасқан клиника маманы, дәрігер Әмина Жинданидің айтуынша осы саладағы ашылған жаңалықтар мұнымен шектелмейді.

Ол жаңалықтардың саны бірнешеу. Және оларға біраз үміт артуға болады. Көкірек ауруын тиімді түрде емдеуге мүмкіндік бар. Алайда жыл сайын 8 миллионнан аса адам осы дертке шалдығып, 2 миллионнан аса сырқаттар көз жұмып жатады екен. Дәрігер Жинданидің сөзіне қарағанда, бұл дәрілердің әсер күші де аса жоғары болмақшы. Тіпті сатуға шығуына әлі бес, алты жыл қажет болған күннің өзінде де, аталған жаңалықтар өз болашағынан көп үміт күттіруде.

Ал, “Жонсон мен Жонсон” компаниясы өкілі Коен Андрестің айтуынша оның тобы өздері ашқан жаңа дәрілерін сыртқаттарға қолдануын бастаған екен. “Көпшіліктің қажетін өтейтін осындай дәрі-дәрмек түрін дамыта түсу деген адамға керемет сезім сыйлайды екен”, дейді ғалым Андрес.