Алматыдағы қырғыз саудагерлері Қырғызстандағы биліктің жаңаруын құптайды

  • Ғазиз МЕДЕТ
Алматыдағы «Довун» базарындағы саудагерлердің басым көпшілігі - Қырғызстан азаматтары отандарында болған соңғы саяси оқиғаларды өздеінше атап өтті. Олар Наурыз мейрамы мен Қырғыз елінде биліктің өзгеруі құрметіне мал сойып, дастархан жайғалы отыр.
Қала жұрты демалыс қарсаңында жиі баратын орындардың бірі - жәрмеңке. Арзан киім-кешек іздеп шығатындары «қырғыз базары» аталып кеткен сауда орнын жағалауға үйірсек. Саудагерлердің басым бөлігі сататын мүлік – жастық, көрпе. Оның сыртында, Өзбекстан мен Қырғызстанның мата кәсіпорындарының тауарлары. Оны әкеліп сататындардың басым көпшілігі Қырғыз азаматтары. Оның сыртында қырғыз елінің оңтүстік аймақтарынан келген тұрғындар.

Солардың бірі, Тоқтомомад Бабаевтың айтуынша, қазір Алматы базарларында кәсіп қылып жүрген отандастарының саны 10 мыңға тақап қалған. Жат елде жүргендіктен, қырғыз саудагерлері бір-бірімен ара-қатынасты үзбеуге тырысамыз дейді қырғыз азаматы. Ал, өз елдеріндегі соңғы саяси өзгерстерді естіп, қуанып жатқандықтарын сөз етеді. Ел президенті Асқар Ақаевтың іс-әрекетіне Тоқтомомад Бабаев былайша баға беріп отыр:

- Ол (Асқар Ақаев) президент орнына отырғанда мен қырғыз азаматтарын жұртын сатпаймын деп ант берді. Мен үшін оның қашып кеткені тура емес. Отставкаға кеткен күні билікті өткізіп кету керек еді.

Қанышай Бакированың Жалалабад өңірінен Қазақстанға келгеніне 5 жыл болыпты. Содан бері Алматы базарында ұсақ сауда істеген, ал қазір тандыр нан сатады. Бішкекте болған оқиғаның анық-қанығын тек теледидардан ғана көруге мүмкіндік болды. Билік өкілдерінің ауысуы ел тұрмысын жақсартуға серпін берер деген үмітімді үзбеймін дейді:

- Мен Асқар Ақаевты сайлау кезінде, жаңылмасам 5 жыл бұрын Қазақстанға келдім. Жағдай түзелсе, өз елімізде сауда жасағанға еш дүние жетпейді ғой.

Төлен Искендіров ел басқаруға келген оппозиция өкілдеріне жақтасамын. Қазір қырғыз халқының әлеуметтік тұрмысын түзейтін сәттің енді туып отырғындығына қуанышым шексіз дейді. Сондықтан алдымен, ата кәсіп - мал шаруашылығын дамыту ісіне, бүгінгі қырғыз басшылары көңіл бөлсе деген талабын айтады:

- Мал шаруашылығын жаңғырту керек. Одан кейін өндірісті дамыту керек. Әйтпесе, кәсіпорындарды биліктегілер сатып алып, не өздері ұқсатпады не басқаға істетпеді. Сөйтіп, нашарлап кеттік қой.

Ұбайдолла Ташбаев Қырғыз елінің дамуына әлі де жол ашатын мүмкіндіктері көптігін айтады. Жұрттағы тіршілікті жақсартудың жолы кәсіпорындардың бұрынғы өндіріс қуатын жетілдіру керек дейді. Оның сыртында, қырғыз қоғамын жайлаған кесел - сыбайлас жемқорлыққа бұдан былай жол бермеу керектігін сөз етеді:

- Оппозиция өкілдері текстиль сияқты бірқатар ірі кәсіпорындар су тегін сатылды деп мәлімдеді. Соны мемлекетке қарату керек. Сонда елге жұмыс болады. Біздің елдің (Қырғыз елі) дамуына мүмкіндік барына мен сенемін.

Нұрлан Исақов Бішкекте болған бүлік халықтың ашу-назынан болған жәйт дейді. Халық қамын ойламаған кез-келген басшы дәл осындай жағдайға душар болуы бек мүмкін деген пікір айтады. Ал, Асқар Ақаевты биліктен тайдыру, бүгінгі қырғыз демократиялық күштеріне де алтын сырға дейді ол:

- Жаңа басшылар елге қызмет істеуі керек. Оларға билікті әперген - халық. Олар соны ұмытпауы тиіс. Ал, қызметке елжанды, адал адамдарды қою керек.

Азаттық радиосына сұхбат берген қырғыз азаматтары әзірге тұрақ-мекені белгісіз қалып отырған Асқар Ақаевтың ата жұртына оралу мәселесіне қатысты пікірін былай білдіреді:

- Асқар Ақаев халықтан кешірім сұрап келсе, жұрт оны кешіреді. Себебі, ол біздің тұңғыш президентіміз. Өзі жаман адам емес еді. Төңірегіне нашар адамдар жинап алды ғой.

Алматы базарларында сауда істейтін қырғыз азаматтары сенбі күні қауымдасып, құрбандыққа мал шалып, «өткен жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп құдайы тамақ бермекші. Азаттық радиосына берген сұхбаттарында олар «Наурыз» мейрамы Қырғыз елінің жолын ашсын деген игі тілекпен жиналамыз дейді.