Қазақстан ғарыш саласын игеретін елге айналуды көздейді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Сәуірдің 12-сі - Дүниежүзілік космонавтика және авиация күні. Осы атаeлы күнге орай Азаттық радиосына сұхбат берген мамандар мен ғалымдар Қазақстанның ғарыш саласындағы мүмкіндіктеріне баға береді.
Қазақстанның аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековтығ айтуынша, “Бәйтерек” ғарыштық-зымыран кешені 2009 жылы дайын болмақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін республика бюджетінен 200 млн. долларға жуық ақшаны қажет ететін көрінеді.

- Биылғы жылдың басында Қазақстан ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Демек, биылғы жылдан бастап біздің елдің ғарыш саласындағы жұмыстар кешенді түрде дамуы тиіс. Қабылданған бағдарламада үш үлкен бағыт бар. Бірінші, Байқоңыр кешенінде “Бәйтерек” атты зымыран-ғарыштық кешен салу. Екінші бағыт - біз өзіміздің қазақстандық жер серіктерін дайындап, ұшыру. Ол биылғы жылдың желтоқсан айында ғарышқа ұшуға тиісті. Ал үшінші бағыт – индустриалды-инновациялық стратегияның шеңберінде ғарыштық техниканы жобалау, іске асыру, - дейді ол.

Байқоңыр кешені өте күрделі және аумақты кешен, онда 150-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Кешен құрамына 7 зымырандық-ғарыштық кешен, су, электр, жылу, газ, автокөлік, теміржол, байланыс, коммуналдық және басқа да жүйелер кіреді.

Сонымен қатар үстіміздегі жылы қазақстандық тұңғыш спутниктік байланыс «ҚазСат» іске қосылады деп жоспарлануда. Алайда, бұл саланың мамандары қазірге Қазақстанда даярланбайды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, байланыс және хабар таратудың ұлттық жүйесін құру, “ҚазСат” зымыран ұшыру салаларына қажетті 3 мың жас Ресейдің жетекші оқу орындары мен Шығыс Еуропа елдерінде білім алатын болады.

- Қазақстан осыдан 11 жыл бұрын Ресеймен бірлесіп мамандар даярлау, ғарыш саласы бойынша кәсіпорындар құру жөнінде келісім-шартқа отырған. Сол уақыттан бері Ресейде 100 маман даярладық. Ол мамандар Қазақстанның ғарыш саласында еңбек етіп жатыр. Болашақта “Бәйтерек” атты зымыран-ғарыштық кешенін салу жұмысына байланысты даярланатын мамандар санын арттыру көзделіп отыр, - дейді аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков.

Алматыдағы Ғарышты ғылыми зерттеу институтының директорының орынбасары Бағдад Сүйменов “Ғарыш саласын зерттеп жүрген қазақстандық ғалымдар алдағы 3 жылға және 10 жылға негізделген ғылыми маңызы бар жобалармен жұмыс істеуде” дейді:

- Ол - ғарыштық аппараттарды жобалау. Сарышағандағы әскери полигонды көтеріп, жаңадан комплекс құруға бағытталған жоба. Үшіншісі - ғарышты ғылыми зерттеу. Қазақстанның ғарыш саласы ТМД елдері бойынша салыстырғанда алдыңғы қатарда. Болашақтағы 10 жыл ішінде Қазақстан өзінің 2-3 жер серігін ұшыруды жоспарлап отыр.