Жекешеленіп кеткен балабақшалар мемлекетке қайтарыла бастады

  • Айнагүл САҒДИ
Қазақстанда осыдан 10-12 жыл бұрын балабақшалар кәсіпкерлердің иелігіне өтіп, басқа мақсатқа пайдаланылып кеткен еді. Енді жергілікті атқарушы билік жекеменшікке өтіп кеткен балабақшаларды қайтарып алу жөнінде мәселе көтеріп отыр.
1990 жылдардың орта тұсында Қостанай облысында 900-ге жуық балабақша болса, қазір содан қалғаны 77. Қалғандары әлеуметтік саланы оңтайландыру тұсында арзан бағаға сатылып кеткен. Қазір облыстық әкімшілік сол жекешеленіп кеткен балабақшаларды мемлекетке қайтару жөнінде мәселе көтеріп отыр. Облыс әкімі орынбасарының көмекшісі Алиса Серікқызы:

- Бес балабақшаға күрделі жөндеу, біреуіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, - деді осы мәселе жайлы «Азаттық» радиосының сауалына берген жауабында.

Қостанай облысындағы Рудный қаласының 120 мың тұрғыны бар. Қала бойынша 1000-ға жуық адам балабақша кезегінде тұр. Қалалық білім беру департаментінің директоры Ильдар Ғиззатуллиннің айтуынша, 70 балабақшадан бүгінде 10-ы ғана қалған. Департамент басшысы кезінде арзан бағаға сатылып кеткен балабақшаларды қайтару қиынға соғып отырғанын айтады.

- 40-50 мың теңгеге сатылып кеткен нысандарды бүгінде миллиондаған теңгеге сатып алуға тура келіп отыр. Мысалы, бір балабақшаны 10 миллион, екіншісін 7,5 миллион теңгеге кері сатып алдық. Ал тағы бір балабақша сот шешімімен қайтарылды, - дейді Ильдар Ғиззатуллин.

Ал Шымкент қалалық білім департаментінің бас маманы Мари Гасанованың айтуынша, жекеменшікке өтіп кеткен нысандарды қайтарып алу мүмкін болмай отыр. Оның айтуынша, әлгі нысандарды бірнеше есе жоғары бағаға сатып алғанша, жаңадан балабақша салған әлдеқайда тиімді:

- Әр балабақшаға өзіміз барып көрдік, алуға жағдай жоқ. Оларды алып, қайта жөндегенше көп қаржы қажет. Олар қазір жекеменшікке өтіп кетіп қиын болып отыр.

Мари Гасанова бүгінде Шымкент қаласында бір кездері болған 129 балабақшаның 47-сі ғана қалғанын айтады. Балабақшаға кезек күтіп тұрған ата-аналарға орын тауып берудің өзі мүмкін болмай жатыр дейді қалалық білім департаментінің өкілі:

- Көп ата-аналар 1,5-2 жастағы балаларын әкеліп жалынып тұрады. Тіпті, бір ата-ана 7 айлық баласын да алып келіпті. Бірақ қазір бізде оларды балабақшаға орналастыратындай мүмкіндік жоқ.

Астана тұрғыны Кенже Жұмағалиев бүгінде балабақшадан орын алу жас отбасылар үшін көкейкесті проблема деп санайды. Оның пікірінше, Астана қаласының өзінде кем дегенде 10-15 балабақша ашқан жөн.

- Қарындасымның баласын орналастыра алмай жүрміз. Қаладағы бұрынғы бақшалардың 60-70 пайызы жабылып қалды, - дейді Кенже.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 1 мыңнан астам балабақша жұмыс істеп тұр екен. Биылғы жылы білім беру саласын дамытудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республика көлемінде 200-ге тарта балабақша, сонымен қоса 800 тегін шағын орталықтар ашу көзделіп отыр.