Роза Отынбаева: "Біз Қазақстанға үміт артамыз"

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Сәуірдің 27-і кешкісін Астанаға ресми сапармен келген Қырғызстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Роза Отынбаева Қазақстан үкіметі мүшелерімен және парламент жетекшілерімен кездесті. Брифингте Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев үкімет Қырғызстанға 1 мың тонна бидай мен 10 мың тонна жанармай беретінін жеткізді.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Қырғызстандағы соңғы болған оқиғаларға қарамастан Қазақстан Қырғызстанмен қарым-қатынасын өзгертпейді дей келе, Үкіметтің әлеуметтік жағынан көмек көрсету туралы шешім шығарғанын мәлімдеді.

Қасымжомарт Тоқаевтың айтуынша, сонымен қатар Қазақстан Үкіметі ұшақ жанар майын беру мен темір жол тарифіне 3 айға жеңілдіктер жасауды қарастырып жатыр. Қазақстан сыртқы істер министрі таяу күндері Қырғызстан экономикасына инвестиция салу үшін қырғыз бен қазақ кәсіпкерлерінің арасында бизнес форумы өтетіндігін де айтты.

Ал Қырғызстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Роза Отынбаева болса, Қазақстанның Орталық Азия Одағын құру туралы ұсынысын қолдайтындығын жеткізіп, «Егер аталған Одақ жүзеге асса, Қазақстан Орталық Азияны тұрақтандырушы рөл атқарады» деген пікірін білдірді.

Роза Отынбаеваның сөзіне қарағанда қазір 700 мыңға жуық қырғызстандық жұмыс іздеп, басқа мемлекеттерде жүр. Сондықтан да ол Қырғызстан экономикасын көтеру үшін Қазақстанға үміт артатынын да жасырған жоқ.

Ал қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «Қырғызстандағы наурыз айында болған саяси оқиға Қазақстанда орын алуы мүмкін бе?» деген сұрақтарына Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев мүмкін емес деп жауап берді. Қасымжомарт Тоқаевтың пікірінше, экс-президент Асқар Ақаев билігінің әлсіздігі - өзге мемлекеттермен жүргізген келіссөздердің дер кезінде орындалмауы.

- Үстіміздегі жылдың шілде айында Қырғызстанда президент сайлауы өтеді. Сайлауға әзірге Феликс Кулов пен президент міндетін атқарушы Құрманбек Бәкиев өздерінің кандидатураларын ұсынды, - дейді Қырғызстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Роза Отынбаева.

Оның ойынша, президент сайлауы кезінде Қырғыз елінде тұрақсыздыққа жол берілмейді деді және әзірге өзінің Құрманбек Бәкиевтің командасында екенін айтты.

Ал Қазақстанның «Ауыл» партиясы жетекшілерінің бірі Серікбай Әлібаев Қырғызстанның президенті ретінде Феликс Куловты көргісі келетінін айтады:

- Мен Куловтың президент болғанын қалар едім. Өйткені егер Кулов болмаса, Бакиев еліндегі заңсыздықты тоқтата алмаушы еді. Кулов менің ойымша, демократия және сөз бостандығына көбірек мән береді. Ал егер Бакиев болса, оның Ақаевтың жүйесінен айрымашылығы болмауы мүмкін, - дейді С.Әлібаев мырза.

Ал «Нағыз «Ақ жол» партиясын құрушылардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы «Саяси жүйені өзгертем деген қырғыздың азаматтары президент сайлауына бәсекелес ретінде түсіп жатса, ондағы анық демократияның көрінісі» дейді.