Қазақстанда мобильдік телефон пайдаланушылар саны артты

  • Гүлмира ХАМЗА
Қазақстандағы 15 миллион тұрғын халықтың мобильдік телефон байланысын қолданатындар қатары 3 миллионнан асты. Ал елде сым арқылы жалғасатын дәстүрлі телефон байланысын пайдалатындар саны 2,5 миллион екен.
Мобильдік байланыс жүйесінің Қазақстанға келгеніне биыл 12 жыл толды. Оның алғашқы 5 жылында үкімет қаулысымен бұл салада жергілікті компания монополистік үстемдікке ие болды. Ал, 1998 жылдан бастап GSM байланыс жүйесі арқылы қызмет ұсынатын бәсекелес компаниялардың Қазақстан нарығына келуімен бірге, елде байланыстың осы түрін пайдаланушылар саны жылдан жылға өсе бастады.

Биыл олардың қатары Қазақстанда бұрыннан келе жатқан сым арқылы байланысатын телефон санынан жарты миллионға артып, 3 миллионнан асқанын көкектің 29-ында республика парламентінде сөйлеген сөзінде ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Дулат Оразалинов айтты.

Ал Қазақстанда сымсыз телефон байланысын пайдаланатындардың басым көпшілігі - жастардың ол туралы пікірі әртүрлі. Алматылық студент жастардың бірі Жайна Әбдірахманова өзінің қол телефонын күні-түні өшірмейтінін айтады. Жайна бұл байланыс түрі арқылы өзін іздеген адамның оны тез тауып алуына мүмкіндік барын айтады:

- Үйдегі телефонға хабарласқанда, егер үйде болмай қалсам, туған-туыстарым мен дос-жарандарым керек уақытта мені осы қол телефоным арқылы табады. Сол себептен, бұл керек құрал деп ойлаймын.

Сонымен бірге, ел арасында, байланыстың осы түрін пайдалану денсаулыққа зиян деген пікір де бар. Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріндегі байланыс және радиотехника факультетінің студенті Арман Мейіржанов «Азаттық» радиосына өз пікірін былай деп білдірді:

- Қол телефоны пайдаланатын адамға өте қолайлы, ал қазіргі техникалық жетістіктер осы арқылы интернетке шығуға, кино көруге, музыка, жаңалық тыңдауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл телефонның зиянды жағына келер болсақ, бұл - GSM стандартындағы телефондардың электромагниттік сәуле тарату коэффиценті жоғары деп айтуға болады. Бұл өз кезегінде адам денсаулығына кері әсер етеді. Сол себепті, осындай телефонды пайдаланатын кейбір азаматтар өздерінің басы ауратынына шағым айтып жатады.

Сонымен бірге, болашақ байланыс маманы Арман Мейіржанов, республика бойынша осы қол телефонын пайдаланушылардың көптігін анықтай отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай деңгейде екенін білуге болады деген пікір айтады.

Ал, алматылық тағы бір студент жігіт Мұрат Аяпов, қазіргі заманда қазақстандықтардың көпшілігі қол телефонды сән қуып ұстайды деп санайды:

- Қазіргі кезде сымсыз телефон екінің бірінде бар, бірақ, елдің көбі бұл телефонды сатып алғанымен, онымен сөйлесетін мүмкіндігі жоқ, себебі, олардың оған ақшасы жоқ. Сол себептен кейбір азаматтар қол телефонын сағат ретінде пайдаланады. Ал, тағы біреулер мұны мақтаныш үшін де ұстап жүреді.

Қазіргі кезде Қазақстанда сыммен жалғасатын телефон қызметін пайданушылардың саны 2,5 млн болып отыр. Ал сымсыз байланысатын қол телефон пайдаланушылар саны бұл көрсеткіштен жарты миллионға көп. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Қазақстандағы сымсыз телефон байланысы қызметін ұсынатын операторлар өз абоненттерінің қатарын тағы да 50 пайызға көбейтуді көздеп отыр.