Орталық Азиядағы мигранттардың басым бөлігі - маусымдық еңбекке жалданушылар

  • Дәнеш ҰЗАҚ
ЮНЕСКО ұйымының мұрындық болуымен мамырдың 12-күні Алматыда Дүниежүзілік көші-қон мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің халықаралық конференция жұмысы басталды.
Екі күнге созылатын мәжілісте Орталық Азия елдеріндегі миграция бойынша қордаланған мәселелерді анықтау мен оны шешу жолдары талқыланады. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының басшысы Анджум Хактың айтуынша, аталған аймақтағы көші-қон тәртібін мемлекеттік құзырлы орындар тиімді жүйе көмегімен реттеулері тиіс. Миграция саласының мамандары Орталық Азия аймағында бір елден екінші елге көшкен адамның құқықтарының жиі бұзылатындығына, көп жағдайда мигранттардың еңбегі құлдық есебінде пайдаланылатындығына алаңдап отыр.

Абдулла Файзиев Алматыдағы орталық базарлардың бірінде көкөніс және жеміс-жидек сатады. 65 жастағы Абдулла балаларымен Қазақстанға Тәжікстаннан көшіп келген.

- Менімен мұнда үш ұлым мен қызым келген. Ұлдарым саудамен айналысады, ал қызым асханада палау басады. Бұл жерде уақытша тұрутәртібімен жүрміз. Мерзімі біткенде, ұзартамыз. Көші-қон полициясы бізге жақсы қарайды, тек тәртіп бұзбасаң болды.

Көші-қон саласының мамандары Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы мигранттарды қабылдап алушы басты елге айналғанын айтады. Қазақстанның еңбек министрлігінің көші-қон жөніндегі комитетінің басшысы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, Қазақстан, сонымен қатар, бір елден екінші елге көшіп-қонушылар өтетін Орталық Азиядағы басты қақпа болып отыр.

- Біздің мәлімет бойынша, шекарамыздан күніне 500 мыңнан астам өтеді. Ал Қазақстанға негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келіп жатыр.

Аталған мигранттардың бір бөлігі Қазақстанның өзінде қалады. Алматы қаласының миграция полициясының аға инспекторы Рақымғали Сыдықов соңғы 4 айдың ішінде қалаға келгендердің саны былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда көп екенін айтады.

- Алматыға ТМД елдерінен 30 879 адам, ал алыс шетелден 11 844 адам келген. Бұл -тіркелген бөлігі. Тіркелмегендерді сот арқылы келген елдеріне қайтарамыз. Осындай жолмен ТМД елдерінен келген 227 адам елден аластататылды. Олардың басым бөлігі мұнда жұмыс істеуге келгендер.

Дүние жүзінде қалыптасқан тәртіп бойынша, көшіп-қонушы адамдар білімі, жасы және келу мақсатына байланысты түрлі топтарға бөлінуі тиіс. Алайда, мамандардың айтуынша, Тәжікстан, Қырғызстан секілді Орталық Азия елдерінің тұрғындары Қазақстанға визасыз келе алатындықтан, бұл мемлекеттерден келіп-кетуші адамдарды мұндай топтарға жіктеу мен олардың көшуінің бағытын анықтау қиынға түседі. Аталған проблеманың шешімі жөнінде Алматыдағы миграция жөніндегі жиынға қатысып жатқан халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Алматыдағы кластерлік бюросының басшысы Анджум Хак былай дейді:

- Мигрантқа жақсы немесе жаман деп айдар тағу өте қиын мәселе. Алайда, осы іспен айналысатын барлық мемлекеттік мекемелер, соның ішінде парламент, үкімет бұл мәселеге қатысты өз қызметтерін үйлестіріп отырса, көшіп-қонушының бет-бейнесін анықтау әлдеқайда жеңілдей түсер еді.

Мамандар өзге елдерден келіп еңбек ететін мигранттардың жағдайына қатысты проблемаларды шешудің маңызы үлкен екенін айтады. Себебі, кей деректерге қарағанда маусымдық жұмыстарды істейтін мигранттар Орталық Азияда көшіп-қонып жүрген адамдардың үлкен бөлігін құрайды.

Миграция жөніндегі Халықаралық ұйымның Алматыдағы өкілдігінің басшысы Майкл Чанц еңбек етуге келгендердің заңсыз мигранттарға айналмауына көңіл бөлу қажет деп санайды.

- Қазір Қазақстанда шетелдік жұмысшы күшіне лицензия берудің күрделі тәртібі қалыптасқандықтан, жұмыс берушілер мен жұмысшылар көбіне бұл заңды айналып өтуге тырысады. Нәтижесінде, жұмысшы заңсыз мигрантқа айналады да, жұмыс беруші оның құқықтарын шектейді, мұның аяғы жұмысшыны құл есебінде пайдалануға немесе оған аз ақша төлеп, жұмыс істетуге апарып соғады.

Мамандар Орталық Азия аймағындағы заңсыз миграция үлесі өсіп, көші-қон мәселесі реттелмеген жағдайда аймақта қылмыс, экстремизм өршіп кетуі мүмкін, сондықтан бұл мәселеде бірлесіп қимылдау қажет дейді. Бұл жөніндегі ТМД елдеріндегі көші-қон мәселелерімен айналысатын тәуелсіз сарапшы Елена Садовскаяның пікірін тыңдап көрейік:

- ТМД елдері аумағында көші-қон мәселесін реттейтін ортақ құқықтық кеңістік қалыптаспаған. Мигранттардың көшіп-қонуын бақылайтын ортақ база жоқ. Оның үстіне ТМД елдерінің азаматтары әлі күнге дейін төлқұжатпен жүру керектігін, шетелге барғанда арнайы орындарда тіркелу қажеттігін толық дәрежеде түсінбейді. Менің ойымша, бүгінгі таңда осы проблемаларды шешіп алу керек.

Көші-қон саласының мамандары мигранттарды еңбек бөлінісіне қарай жіктеу қажеттігін айтады. Бұл мамандардың пікірінше, көшіп-қонушылардың қай салада шоғырланғанын анықтауға көмектеседі.