Талибан шайқас тәсілдерін өзгертті

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Биылғы жылдың көктемінен бастап Талибан жасақтары өздерінің шайқасу тәсілдерін өзгертіп отыр. Бұдан бұрын олар шағын топтармен нысаналарға шабуыл жасап, артынша тез бой жасырып үлгеретін. Ал, қазіргі таңда, елдің оңтүстігі мен шығыс аймақтарында ірі топтарға шоғырланып шайқасып келеді.
Өткен аптадан бері Ауғанстанның оңтүстігі және шығыс аймақтарында болған шайқастар барысында талибандықтар тарапынан 100 шақты адам қаза болған. Ал, коалиция күштері тарапынан шығын санаулы ғана екен. Атап айтқанда Ауған өкіметі армиясынан тоғыз солдат, АҚШ теңіз жаяу әскері тарапынан 2 солдат және бір ауған полициясы қаза болған. Лондонда орналасқан қауіпсіздік жөніндегі тәуелсіз сарапшы Паул Бевердің пікірінше көтерілісшілердің жаңа шайқас тәсілі біраз өзгерістерге толы.

Ауғанстандағы жауынгерлер, олардың басым бөлігі талибандықтар және әл-Қайда қалдықтары қазіргі кезде анағұрлым ұйымдасқан түрде жұмыс жүргізіп жатқандығы күмән тудырмаса керек. Олардың күштерін қайта жасақтауларына уақыттары болды. Олар шептерін ұстап тұруға тырысуда. Дәлірек айтқанда - Пәкістанмен шекараласатын елдің оңтүстік-шығысында деді талдаушы.

Бевер мырзаның пікірінше, партизандық қимылдарға қарсы АҚШ тарапының күрес тәсілі мықты жолға қойылғандықтан да Тәлібан және әл-Қайда жауынгерлері күрес тәсілдерін осылайша өзгертуге мәжбүр болды. Сондықтан келер айларда талибандықтардың бұл жолы таңдап алған тәсілдерінің дұрыс-бұрыстығы сынға түспекші.

Бұдан бұрын коалиция күштері дұшпандарының таңдаған тәсілі және таңдаған жерлерінде шайқасуға мәжбүр болған-ды. Жағдай қазір өзгерген. Себебі, Талибан да, әл-Қайда ұйымы да өздерінің мықты жауынгерлерінен айырылды. Сондықтан да олар шайқас орыны мен тәсілін таңдау мүмкіндігінен ажырап қалды дейді сарапшы Бевер.

Лондондағы келесі бір қорғаныс мәселесі бойынша тәуелсіз сарапшы Ян Кемптің пікірінше, Ауған халқы муджахеттерді қолдағандарындай, талибандықтар мен әл-Қайдалықтарды қолдамайды. Сондықтан, олар үшін бой тасалайтын ауылдарды табу аса қиынға соғуда. Сондай-ақ, пәкістан-ауған шекарасында Пәкістан күштерінің мықты бақылау орнатуы талибандықтар іс-қимылын шектей түскен.

Сондай-ақ, аймақтарда жолдардың жаңадан салынуы мен АҚШ әрекет базалары санының өсе түсуі де коалиция күштерінің одан әрі нығаюына әсер етіп отыр дейді сарапшы.

Сәрсенбі күні Брюссельде, НАТО-ның бас пәтерінде сөйлеген сөзінде Ауған елбасы Хамид Қарзай:

- Елдің оңтүстігіндегі тұрғындар америкалықтарды басқыншылар деп есептейді деп ойламаймын. Оңтүстік халқы оларға лаңкестік әрекеттерге қарсы күресуші және Ауғанстанға көмектесуші күш ретінде қарайды. Достық ниеттегі күштер, шетелдік күштер Ауған халқының күнделікті өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр емес пе, - деді.

Кейбір сарапшылардың пікірінше ел үкіметінің Талибан жауынгерлеріне ұсынған рақымшылық идеясы да едәуір рөл атқаруда. Себебі, мамыр айының басынан бері Талибанның жергілікті кейбір қолбасшылары мен бірнеше ондаған талибан солдаттары осы рақымшылықты қабыл алған екен.