Баспасөзге шолу. 19 мамыр 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бейсенбі күнгі басылымдарда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжанда болған оқиғаны мемлекеттің ішкі ісі деп бағалап, халықаралық тұрғыда тергеу жүргізуге қарсылық білдіргендігі айтылыпты.
Кейбір тәуелсіз басылымдарда Қазақстан басшылығының Әндіжандағы оқиғаны айыптамағандығы және алдағы уақытта келешекте болуы ықтимал халықтың толқуын басуға ресми биліктің қазірден бастап дайындалып жатқандығы айтылыпты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген мақаласында Арман Жанов “Интерфакс” ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Әндіжанда орын алған оқиғаны мемлекеттің ішкі ісі деп бағалап, халықаралық тұрғыда тергеу жүргізуге қарсылық білдіргендігіне тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Өзбекстанның ішкі істер министрі Зәкір Алматов журналистерге, Әндіжандағы қанды қырғын оқиғаның ұйымдастырған адамның есімін де атаған.

Зәкір Алматовтың айтуынша оның аты-жөні Көбел Пәрпиев. Өзбекстанның ішкі істер министрі Зәкір Алматов журналистерге Әндіжандағы қанды қырғын орын алған кезде, осы адаммен келіссөз жүргізгендігін мәлімдепті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Көбел Пәрпиевке “Акрамия” тобының белсенді мүшелерінің бірі болды деп айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған.

Ал, “Ассошейтед пресс” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қырғызстанмен шекараласатын Қарасу қаласындағы әкімшіліктің ғимаратын басып алғандар, келешекте Өзбекстанда “Ислам мемлекетін” құруға күш салатындықтарын мәлімдепті. Газет тілшісінің хабарлауынша, мұндай мәлімдемені Әндіжандағы оқиғаны ұйымдастырушылардың бірі Бахтияр Рахимов жасаған.

“Жас Алаш” басылымының хабарлауынша, оппозиция өкілдерінің жүргізген санағы бойынша Әндіжанда орын алған қанды оқиға кезінде қаза тапқандардың саны 745 адамнан асып жығылады. Мақалада, сондай-ақ, бейресми деректердің қырылған адамдар санының одан да көп екендігін айтып отырғандығы баяндалыпты.

Газет тілшісі мысалға келтірген бейресми деректерде Ферғана жазығында 2500-ға жуық адам құрбан болған делінеді. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Ферғана жазығында Өзбекстан халқының үштен бір бөлігі тұратындықтан, ол аймақта қайтадан өрт тұтанып кетуі ықтимал. Сондай-ақ, “Жас Алаш” басылымы Қазақстан басшылығының Өзбекстанда орын алған қанды қырғын оқиғаны айыптамағандығы да тілге тиек етіліпті.

“Айқын” басылымында Өзбекстандағы оқиғаға байланысты саясаттанушылардың пікірлері беріліпті. Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Әндіжандағы бас көтерулер биліктің әлсіздігінен немесе басқа жағдайға байланысты емес, халықтың наразылығынан туындап отыр. Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, келешекте Өзбекстанда халық толқулары одан сайын көбейе түсуі ықтимал. “Жақын арада билік басында өзгерістер болмағанымен, түптің-түбінде бұл жақсылыққа апармасы анық” дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Түркістан” басылымында жарық көрген Гүлбиғаш Омарованың мақаласында Ресейдің “Лента ру” сайтының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерде “Сарай төңкерісі” болуы мүмкін екендігін саралап, төңкеріс болған және болуы мүмкін мемлекеттердің тізімін жасағандығы хабарланыпты. Бұл тізімнің ішінде Қазақстан мемлекеті де бар көрінеді. Сондай-ақ, осы мақалада саясаткер Әзімбай Ғалидың мұндай төңкерістердің Ресейде де, Қазақстанда да болуы мүмкін екендігіне болжам жасағандығы да айтылыпты. Ә.Ғали Қазақстан мемлекетінің Өзбекстанда орын алған оқиғадан сабақ алуы керектігін де тілге тиек етіпті.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген “Полиция соғысқа дайындалып жатыр” атты мақалада Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың премьер-министр Даниял Ахметовке жолдағаны делінген хаттан үзінді жарияланыпты. Зауытбек Тұрысбековке танылып отырған бұл хат авторы оппозициялық ойлардың халықтың сана-сезіміне әсер етуі мүмкін екендігіне тоқталып, оппозицияны қатаң бақылауға алу керектігін ескертіпті.

Сондай-ақ, газет мақаласында Зауытбек Тұрысбеков премьер-министр Даниал Ахметовке жазған хатында Ішкі істер министрлігінің 17 мың тапанша, 2,5 мың автомат, 100 пулемет сатып алғандығынан хабардар етіп, темір сауыт, резіңке тоқпақтар мен граната сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге бөлінуін сұрағаны айтылыпты.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай “Свобода слова” басылымына берген сұхбатында Қазақстанның Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбековтың премьер-министр Даниал Ахметовке жазған хатын сынға алыпты. Тұяқбайдың айтуынша әлгі хаттың мазмұны бүгінгі биліктің қандай саясат жүргізіп отырғандығын аңғартады. Ж.Тұяқбайдың пікірінше, ресми билік құқық қорғау орындарын халыққа қарсы қою арқылы Конституцияның бұзылуына жол беріп отыр.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Время” басылымында жарық көрген мақаласында журналист Виктор Верк, Қазақстанның Ішкі Істер Министрі Зауытбек Тұрысбековтың осындай мағынадағы хатынан кейін, Қазақстан мемлекетінің 2009 жылы Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етуі мүмкін екендігіне күдік келтіріпті.