Қазақстанда «билер» мен «төрелер» билігін енгізу ұсынылып отыр

Әкімге балама ретінде төре, соттарға балама ретінде би, ал, мәжіліске балама ретінде кеңес болуын көздейтін «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы Қазақстан президенті жанындағы Азаматтық қоғам және демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің талас-тартысын туғызды.

«Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасында жазылғандай, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кеңес, төре және би жатқызылады. Кеңес дегеніміз елді мекен адамдары сайлайтын топ. Билер әртүрлі жағдайлар бойынша пікірталастарды шешеді. Олар 4 жылға сайланады. Және бидің жасы 40-тан асуы шарт. Комиссия отырысына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Сағындықов Елеусін, ресми заң шешімі орындала бермейтін шақта би шешімдерінің орындалуына күман келтірді.

Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, билер тек жерді суғару сияқты ұсақ жанжалдарды шешумен шектеледі, сондықтан би жұмысы қажет деген пікірде. Заң жобасында айтылған тағы бір тұлға - төре деп аталған. Ол кеңес шығарған шешімдері орындауға жауапты тұлға. Төрені кеңес сайлайды. Және бұл қызметке 25 жастан асқан азаматтар сайланады. Ақтөбе облысының әкімі Сағындықов Елеусіннің айтуынша, ертеде төре деп сұлтандардың ұрпақтарын атаған. Демек, бұл терминнің қолданылуы тұрғындарды ақсүйек және өзге жұрт деп екіге бөлуге әкеп соғуы мүмкін.

Осы заң жобасымен айналысып жатқан жұмыс тобының жетекшісі Дариға Назарбаеваның айтуынша, заң жобасы төңірегіндегі терминдер жайлы көтерілген мәселе ауыз толтырып айтатындай күрделі емес:

- Қатты келіспей жатқан мәселе жоқ. Айтыс болып жатыр, бірақ, ол маңызды мәселе емес.

Жобада жазылғандай, жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстары елді мекен және қала тектес елді мекендерде жүзеге асырылады. Мемлекеттік бюджет қаржысына жергілікті өзін өзі басқару органдары елді мекендерді тазалауға, бейіттерді қалпында ұстауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге құқылы. Парламент депутаты Серік Әбдірахмановтың айтуынша, бұл өте аз. Өйткені, бұл жағдайда жергілікті әкімдердің құқықтары көбірек болып қалады:

- Екі қошқардың басын бір қазанға салғымыз келіп отыр. Ертең жанжал шығады, төреге тек 3 мәселені шешуді беріп қойдық.

Елді мекендерде және шағын қалаларда атқарылатын жұмыстарға қажет қаржыны жергілікті өзін-өзі басқару органдары мемлекеттік бюджеттен дотация ретінде және ерікті түрде жиналатын қаржыдан алады деп белгіленіп отыр. Парламент депутаты Дариға Назарбаеваның айтуынша, қаражаты аз елді мекендерге бюджеттен қаржы бөлінетін болады:

- Әрине, әр ауылдың, қаланың жағдайына байланысты. Мысалы, Рудный деген қала бай, ал ауылда ондай мүмкіншілік жоқ. Оны өкіметтің қаражатынан жабамыз деген ойымыз бар. Қазір ауылға бөлінетін қаражат әкімдерге берілмей, өзін-өзі басқаратын ұжымға беріледі деген шешім қабылдадық.

Парламент депутаты Серік Әбдірахманов өзін-өзі басқару жөніндегі заң жобасын тезірек қабылдау керек деп санайды:

- Ата заңымыздың өзінде жазылған «Өзін өзі басқару туралы» заң қабылдау керек деп. 97 жылы қабылдау керек еді, әлі қабылдаған жоқпыз.

«Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасында жазылғандай бұл заң Қазақстанда 2007 жылы іске қосылуға тиіс.