“Әл-Қаиданың” қолға түскен №3 басшысы Әл-Либбиді Пәкістан АҚШ-қа бермекші

ИСЛАМАБАД. Пәкістан президенті Первез Мушарраф “Әл-Қаида” ұйымы басшыларының бірін өз елі АҚШ-қа береді деп мәлімдеді. Ливия азаматы Әбу Әл-Либби Карачи қаласында болған атыстан кейін 2 мамырда қолға түсті. Әл-Либби – “Әл-Қаида” ұйымындағы үшінші басшы есептеледі. Оған президент П.Мушаррафқа қарсы жасалған 2 қастандықты ұйымдастырды деген күдік түсіп отыр. Си-Эн-Эн телекомпаниясының ұйымдастыруымен кеше Атланта мен Исламабад арасында өткен телекөпірде П.Мушарраф Әл-Либби тергеушілерге көмектесті, бірақ Усама бин Ладиннің бас сауғалап жүрген жері туралы пайдалы ешқандай мәлімет берген жоқ деп мәлімдеді. Өз сөзінде Пәкістан президенті Әл-Либбиді елде ұстауға Исламабад мүдделі емес деп атап көрсетті.