БАҒДАД. Ирақтағы көтерілістің “Әбу Раад” деген лақап атымен белгілі көсемі Мутлақ Махмуд Мутлақ Абдулла тұтқындалды. Ирақ үкіметінің хабарлауынша, Мутлақ Абдулла – “Әл-Қаида” ұйымының Мосулдағы іс-қимылын басқарған Әбу Талханың көмекшісі әрі қаржыгері болған көрінеді. Ол Мосул қаласында қолға түскен. Жексенбі күні АҚШ әскері Әл-Фаллуджа қаласында кең әрі техниканың ең соңғы үлгісімен жабдықталған жерасты бункерлерін аңғарды. АҚШ әскерінің хабарлауынша, онда тірі жан болмаған, бірақ қару-жарақтың мол қоры табылған. Кеше Ирақ үкіметі бұрынғы диктатор Саддам Хусеинге адамзат баласына қарсы жасаған қылмыстары үшін барлығы 12 баптан тұратын айыптар тағылатынын мәлімдеді.