Данияның премьер-министрі Европа Одағының жетекшілері алдағы аптада Брюсселде болатын бас қосуында Одақ Конституциясының тағдырын шешуі қажет деп атап көрсетті

Оның алдында Германия Европа одағы Конституциясы турасында бір шешім қабылдауды кейінірекке қалдыруы қажет деген ұсыныс айтқан еді. Бас министр Андреас Расмуссен Конституция бойынша дауыс беру-бермеуді Дания елінің өзі шешетін болады деген. Кеше Парижде Германия канцлері Герхард Шредермен кездескен Франция президенті Жак Ширак Франция мен Нидерландының Конституцияға қарсы дауыс бергеніне қарамастан, Одақтың басты құжатын ратификациялау жалғаса беруі керек деп айтқан:

- Конститутция бойынша 12 ел өз пікірлерін білдірді. Біз канцлер екеуміз басқа елдерге де осындай мүмкіндік беру қажет деп ойлаймыз, олар да өз нұсқаулары мен дәстүр, ережелеріне сай көзқарастарын танытқаны жөн. Бұл демократиялық мемлекеттер мен олардың халқына деген құрмет болар еді, - деді Жак Ширак.

Кеше, сондай-ақ, Европа одағының жаңа мүшелері - Чехия, Словакия, Венгрия және Польша елдерінің премьер-министрлері кездесіп, талқылай келе Одақ Конституциясы бойынша референдумдар жалғаса беруі қажет деген пікір білдірді.