Сенат сайлауы тамыздың 19-ына белгіленді

Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес, парламент сенатына депутаттар сайлау 2005 жылғы тамыздың 19-да өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы президент сайлауы 2006 жылы желтоқсан айында өтуге тиіс деген ұстанымын кезекті рет қайталады.
Президент жарлығына сәйкес, парламент сенатына депутаттар сайлау 2005 жылғы тамыздың 19-да өтеді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметінен хабарлады. Ал, жұма күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков журналистерге сайлау туралы түсініктеме берді:

- Сенат - әр облыстан республикалық маңызы бар қалалардан және Астанадан екі адамнан сайланатын депутаттардан құралады. Сенат депутаттарының 7-еуін президент тағайындайды. Депутаттардың өкілеттік мерзімі 6 жыл. Оларды жергілікті мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Депуттардың жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланады.

Бұған дейінгі Сенат сайлауы қыркүйек айында өткізілген. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков бұл жолғы сайлаудың неліктен ерте өтіп отырғандығын былайша түсіндірді:

- Тамыз айы тағайындалып отырған себебі - депуттардың көбі қайта сайланатын түрі бар. Ол парламент жұмысына кедергі болуы мүмкін.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев, Сенат сайлауында ешқашан тартыс болған емес және әкімдер өздеріне керек адамдардың өтуіне жағдай жасайды дейді:

- Сенат сайлауында саяси тартыс болған емес. Әкімдердің қолында болған соң облыстық, аудан маслихаттарымен келісіп, өздеріне керек адамдарын өткізеді. Батталованың өзі Ғалымжан Жакиянов әкім болып тұрған кезінде өтіп кеткен адам. Бірақ, соңғы кезде үлкен өндірісітік, қаржылық кәсіпорындар өз адамдарын өткізіп жүр.

Осы жолғы Сенат сайлауына түскелі отырған сенатор Зәуреш Батталова әкімдер өздеріне қажет депутаттарға қолдау жасайтындығын құптады:

- Әкімшілік ресурсты билік көп пайдаланады. Және олар оппозициядан азаматтарды өткізбеуге тырысады. Бүгінде әр әкім өзінің қалталы депутатын пайдалануға үйренген.

Осы отырыста Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков президент сайлауы 2006 жылы желтоқсан айында өтуге тиіс деген өз позициясын кезекті рет қайталады. Бірақ, президент сайлауының нақты мерзімін Парламент Мәжілісі бекітуі тиіс деді ол. Ал, сенатор Зәуреш Батталованың пікірінше, президент сайлауы биыл өтетін сыңайлы:

- Президент сайлауымен Сенат бірге өтпеуге тиіс, сондай норма бар. Бірақ, қыркүйек айында президент сайлауы жарияланады. Сондықтан, ол биыл желтоқсан айында өтетіндігіне көзіміз жетіп отыр.

Президент жарлығына сәйкес Үкіметке, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне республиканың Парламент Сенатына депутаттар сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолға алу тапсырылды.