Төрт ауданның мәслихаты әкімдерді сайлау сынағын өткізеді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Биыл тамыздың 12-і Қазақстанда алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтің хабарлағанындай, Қазақстанда тәжірибе ретінде төрт ауданның әкімдері сайлауға түседі.
Алматы облысының Ескелді ауданында, Солтүстік Қазақстан облысының Тимириязев ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында және Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында әкімдерді сайлайтын болады. Алайда, аудан әкімдерін тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлайды. Тәуелсіз сарапшылар бұл заңға қайшы келеді деп отыр. Өйткені, өткен жылы мәслихат депутаттары сайланған кезде, олардың құзырына аудан әкімдерін сайлау міндеті берілмеген дейді олар.

Тәжірибе ретінде өткізгелі отырған бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – аудан әкіміне кандидаттарды облыс әкімі ұсынады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, облыс әкімдері мәслихат депутаттарына бірнеше баламалы кандидаттарды ұсына алады:

- Төрт ауданның әкімдерін тікелей облыс әкімдері тағайындамайды, оларды жергілікті мәслихат сайлайды. Ал облыс әкімі балама ретінде кем дегенде екі кандидатура ұсынуы керек.

Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары барлық деңгейде өткізіледі, оған саяси партиялар да атсалысуға болады:

- Үгіт-насихат жұмысы депутаттардың арасында да, халықтың арасында да, саяси партиялар арасында да жүргізіледі. Себебі, саяси партиялар аудандық мәслихат депутаттарына ұсыныс жасауға құқығы бар, - дейді Оңалсын Жұмабеков.

Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің төрағасы Дос Көшім аудан әкімдерін сайлау тәжірибесінде сайлау заңы өрескел бұзылғалы отыр деп санайды.

- Өйткені, осыдан бірер жыл бұрын мәслихат депутаттарын сайлаған кезде, оларға аудан әкімдерін сайлау құзыретін берген жоқ болатынбыз, - дейді ол.

Дос Көшімнің айтуынша, сайлау ережесінің екінші бұзылып отырған тұсы - аудан әкімдігіне үміткер ретінде кез-келген толыққанды азамат өз кандидатурасын ұсынуға мүмкіндігі болуы керек.

- Үшінші бір қателік - егер аудан әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайтын болса, онда бұл халықтық сайлау дегенге келмейді, - дейді Дос Көшім.

Оның пікірінше, сайлауға тек қана мәслихат депутаттарын қатыстыру, олар сайлаған адамның әкім болуы - жалпы сайлау немесе халықтық сайлау приниципіне қайшы келеді. Алайда, мұндай пікірмен саясаттанушы Берік Әбдіғалиев келіспейді.

- Әзірге әкімдерді халықтың сайлауының қажеті жоқ. Өйткені, халық жаппай саясаттанып кетуі мүмкін. Мәслихаттың өзі сайлап, әрқашанда орнынан алып тастау құқығы болса - сол дұрыс. Жүйе ретінде, оның ешқандай жаманшылығы жоқ, - дейді Берік Әбдіғалиев.

Саясаттанушы Б.Әбдіғалиев егер әкімдерді халық сайлайтын болса, онда Қазақстанда жүзге, руға бөліну, яғни рушылдық дерті кең етек жаяды деп опшылайды. Бірақ, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының мүшесі, Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов тамызда өтетін аудан әкімдерін сайлаудың заңды болатынына күмән келтіреді.

- Өйткені, 2003 жылы өткен мәслихат сайлауы заңсыз болды. Сондықтан, мәлихат депутаттары биліктің ұсынған кандидатурасын өткізеді, - дейді Төлен Тоқтасынов.

Қазақстанда алғаш рет тәжірибе ретінде өткелі отырған 4 ауданның әкімдерін сайлауға кандидаттарды ұсыну 27-маусымда басталып, 12-шілдеде аяқталады. Аудан әкімдері төрт жылға сайланады.