Оппозиция белсенділері айналымға заңсыз ақша шығарған деген айыпқа қалды

  • Дәнеш ҰЗАҚ
Маңғыстау облыстық қаржы полициясы сот шешімімен таратылған оппозициялық “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясының белсенділеріне "заңсыз жолмен айналымға ақша шығарған" деген айып тағылып отырғанын мәлімдеді. Оппоззициясы мұны арандату деп бағалайды.
Маусымның 23-і күні экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Маңғыстау облыстық департаменті сот шешімімен таратылған оппозициялық “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясының басшылығына заңсыз жолмен айналымға ақша шығарған деген айып тағылып отырғаны жайлы мәлімдеді.

Қаржы полициясының Маңғыстаудағы өкілдігі бұрынғы “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының атқарушы хатшысы Бақтылы Түменованы партияның Маңғыстау облысындағы филиалының бұрынғы жетекшісі Қамыспай Жұмашевпен бірге жалған құжаттар жасау арқылы заңсыз жолмен ақша айналымын жасаған деп айыптап отыр. Өз кезегінде Бақтылы Түменова мұны арандату деп бағалайды.

Маңғыстау облыстық экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті сот шешімімен жабылған оппозициялық партияның Алматыдағы орталық аппаратына заңсыз жолмен айналымға 2 миллион 970 мың теңге түсірген деп айыптап жатыр. Бұл соманы 2004 жылдың шілде айында “ҚДТ” халық партиясының Маңғыстау облысындағы филиалының бұрынғы жетекшісі Қамыспай Жұмашев партияның атқарушы хатшысы Бақтылы Түменовамен бірге жалған құжаттар жасау арқылы заңсыз жолмен алған дейді қаржы полициясындағылар.

Маңғыстау облыстық қаржы полициясы ұйымдастырған баспасөз жиынына қатысқан Азаттық радиосының Маңғыстау облысындағы тілшісі Гүл Әйткенқызы таратылған “ҚДТ” партиясының төңірегіндегі дау жайында мынадай деп хабарлады:

- Қаржы полициясына филиалдың бір мүшесі бізде бір келеңсіздіктер болып жатыр деп арыз жазыпты-мыс. Арызда партия филиалының жетекшілері 8 адам филиалға олар қаржы құйды деп мәлімдегенімен, шын мәнінде олар филиалға ақша аудармаған делінген екен. Қаржы полициясының қызметкерлері тексеру барысында олардың ешқайсысы партияға ақша бермегендері, ақша беретіндей олардың жағдайлары жоқ екендігі, 8 адамның атынан жасалған құжаттың жалған екендігі расталды деп отыр.

Өз кезегінде бұрынғы “ҚДТ” партиясының атқарушы хатшысы, ал қазір әлі ресми тіркелмеген “Алға ҚДТ” оппозициялық партиясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып жүрген Бақтылы Түменова бұл айыптауларды теріске шығарып, ол ақша аударымы заңды түрде жүзеге асқан дейді:

- Арызда біз ақша тапсырған жоқпыз деп жазыпты. Ал шын мәнінде ол адамдар ақша құйған болатын. Маған Петропавлдан екі адамның хаты келді. Олардың жазуынша, партияға ақша құйған адамдарға келіп, қаржы полициясына мен ақша құйған жоқпын, мынау менің қолым емес, мен ақша берген болып өтірік қол қойдым деп жаз деп айтатын көрінеді. Мұндай жағдай Қостанайда да болған.

Таратылған “ҚДТ” партиясының Маңғыстау облысындағы өкілдігінің бұрынғы жетекшісі Қамыспай Жұмашевпен тілдесудің сәті түспеді. Ал оның орынбасары Светлана Четвертных тағылған айыптар таза жала деп отыр.

- Партия қажетіне ақша аударған 9 адамның бірі - менмін. Сол адамдардың ішінде мен білетін 4 адам қаржы полициясына біз ақша берген жоқпыз деп айтқан емес. Мені тергеу барысында шақырған кезде, өзім құйған ақшаны өз еркіммен бергенімді айттым. Ал әлгі 4 адамнан басқа 5-ші адамды тергеуге шақырған емес, өйткені ол бұл жерден көшіп кеткен, ал тағы бір мәлімдемеге қол қойды деген адам бұл дүниеде жоқ, қайтыс боп кеткен.

Бақтылы Түменова тергеу барысында өз кінәсін мойындады деген партияның Маңғыстаудағы өкілдігінің мүшесі Қамыспай Жұмашевтың куәлік сөздерінен арандату байқалады деген ойын айтады:

- Қамыспай Жұмашев бұрын ҰҚК-де жұмыс істеген адам. Бізде істеген кезде жұмысында кемшіліктер жібергендіктен, біз оны жұмыстан шығарып жіберген болатынбыз.

Бұрынғы “ҚДТ” партиясының жетекшісі, қазір “Алға ҚДТ” партиясын құруға талпынып жүрген Асылбек Қожахметов бұл істі билік тарапынан болып отырған кезекті кедергінің бірі деп атап, қаржы полициясының айыптарының бәрін жоққа шығарды.

- Біз “Алға, ҚДТ” партиясын ұйымдастыру жұмысын күшейте бастағаннан кейін олар осындай әрекетке барып жатыр. Ақтаудағы оқиға жалғыз әрекет емес, әділет министрлігі де съезд өткізуге кедергі келтіруде. Бір жағынан күлкі келтіреді, екінші жағынан бұл жалған жала. Билік басқа ірі ештеңе таппаған соң, осындай нәрселерге барып отыр, - дейді А.Қожахметов.

Маңғыстау облыстық экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тергеу амалдарын әрі қарай жүргізу үшін істі Алматы қаласының қаржы полициясына тапсырғандарын мәлімдеген. Ал Алматы қаласының қаржы полициясының қызметкері Руслан Тілемісов, маусымның 23-күні «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы берген жауап сөзінде, тергеу ісінің өздеріне жаңадан түскендіктен әзірге ешқандай түсініктеме бере алмайтындарын жеткізді. Әзірге белгілісі, заң бойынша, алдын-ала тергеу істері 2 ай көлемінде жүргізілуі тиіс.