Алматы қаласында кейбір жұмысшы мамандар тапшы болып отыр

  • Досан БАЙМОЛДА
Бүгінгі күні Алматы қаласын Орталық Азиядағы ірі қаржы орталығына айналдыру жөніндегі үкімет бағдарламасына байланысты қалада құрылыс нысандарын салу қарқыны күшейіп отыр. Осыған байланысты кейбір құрылыс мамандықтары үлкен сұранысқа ие бола бастаған.
Алматы қалалық әкімшіліктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ләззат Қошанованың айтуынша, қазірде Алматы қаласында негізінен құрылыс мамандықтары үлкен сұранысқа ие болып отыр екен.

- Айталық, кірпіш қалаушы, ағаш шебері, құрылысшы, бояушы, слесарь, дәнекерлеуші, құбыр жөндеуші секілді білікті жұмысшылар жетіспейді. Сондай-ақ, программист мамандығы мен есепші және еңбекті қорғау инженері секілді мамандықтар иелеріне де сұраныс үлкен, - дейді жұмыспен қамту мекемесінің өкілі.

Л.Қошанованың айтуынша Алматы қаласы бойынша жоғары оқу орындары негізінен заңгер, экономист, кеден және салық саласының мамандықтарын көбірек дайындап шығарады, ал әлгіндей сұранысқа ие болып отырған мамандықтарға ешкім онша көңіл бөлмей отыр дейді ол.

- Көп жағдайда ата-анасы баласының жұмысқа, еңбекке деген қабілетін онша ескермей, оған қалайда жоғары білім алып беруге асығады. Бұл - дұрыс емес, - деп санайды Л.Қошанова.

Оның айтуынша, биылғы жылы Алматы қаласы бойынша жұмыссыз адам ретінде барлығы 5300 адам ғана тіркеліпті. Ал олардың 2500 дейіне қандай да бір жұмыс табылған болса, қалғандары тек жұмыссыз ретінде болмашы әлеуметтік көмекті місе тұтып отырған жайы бар екен. Алматы қаласының Сәкен Сейфуллин көшесі бойында күнделікті қара жұмысқа жалданатындардың бірі, Алматы облысы Сарқанд ауданының тұрғыны, мамандығы құрылысшы Асқар Садуақасов болса қалалық департамент айтып отырған құрылыс нысандарында жұмыс істегісі келмейтіндігін айтады.

- Себебі, олар еңбекақыны дұрыс төлемей, алдайды, заңсыз жағдайларға барады, сондықтан да осы көше бойында тұрып, күнделікті істегеніме сай ақша алатын жұмыстарға барамын, осыған өзім ризамын, - дейді ол.

Ал Алматы облысының тағы бір тұрғыны Жоламан Байменов болса 1999 жылдан бері Алматыдағы түрлі құрылыс нысандарында жұмыс істеп көргенін айтады.

- Онда тәуір, жақсы төленетін жұмыстарды табу қиын, ол тек таныстар арқылы ғана іске асады, - дейді ол.