Солтүстік Корея алтыжақ келіссөзді жалғастырмақ

АҚШ әкімшілігі Солтүстік Кореяның ядролық мәселе бойынша тоқтап қалған алтыжақ келіссөзді жалғастырамыз дегенін жылы қабылдады. Ресей де үміт білдірді. Мұның алдында кеше Солтүстік Корея сыртқы істер министрінің орынбасары Ким Кые-гуан Пекинде АҚШ сыртқы істер министрінің көмекшісі Христофер Хиллмен кездескен болатын. Солтүстік Кореяның даулы ядролық бағдарламасы жайында келіссөздер шілденің соңғы аптасында басталмақ. Америка Құрама Штаттары Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын тоқтатсын деп 2002 жылдан бері күш салып келеді. АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей Солтүстік Кореямен жүргізген үш келіссөз мұның алдында сәтсіз аяқталған болатын.