Сиқыршы бала Гарри Поттер жайлы кітап Қазақстан жастарын қызықтыра ма?

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ
Әлемнің бірқатар елдерінде сауда сөресіне тиер-тиместен сиқыршы бала Гарри Поттер туралы 6-шы кітап жұртшылықтың жаппай сұранысына іліккені жайлы хабарлар айтылып жатыр. Тіпті, Лондонның кітап сататын дүкендерінде шілденің он бесінен он алтысына қараған түні мыңдаған адам кітап сатып алу үшін кезекке тұрған көрінеді. REGNUM ақпарат агенттігі таратқан мәлімет бойынша, «Гарри Поттер и принц полукровка» атты кітап орыс тіліне желтоқсан айынан бастап аударыла бастайды. Ал, осы кітап пен оның кейіпкерлерін Қазақстандағы жұрт қандай дәрежеде біледі?
Сегіз жасар Әлішер Гарри Поттер жайындағы алтыншы кітаппен алғашқылардың бірі болып таныса алады. Өйткені, Әлішер ағылшын тілін еркін меңгерген. Сондықтан, ол Қазақстандағы кітап сататын дүкендерге кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасының түсуін асыға тосып жүр.

- Әсіресе, Хагрит есімді кейіпкер есімде жақсы сақталды. Гарри Поттерге бір бала тиіскен кезде Хагрит ата оған құйыршық жасап береді. Маған сол жері қатты ұнады, - дейді Әлішер.

Ал, орыс тіліне Гарри Поттер жайындағы алтыншы кітап желтоқсан айынан бастап қана аударылатын болғандықтан, он бір жастағы Бекжан кешірек оқитын болады. Алғашқы бес томында оқып шыққанын айтқан Бекжан, өзінің алған әсерімен бөлісті.

- Онда барлығы қызықты. Әрбір бетін қызыға оқисың. Маған барлық кейіпкерлер ұнайды, - дейді Бекжан.

Сонымен қатар, Гарри Поттер туралы кітаптарға деген әуестік Қазақстандағы жастарда да бар. Кітаптың соңғы томын міндетті тұрде сатып алатынын айтқан он алты жасар Айдана өз ойын былай деп білдірді.

- Оқиғалардың барлығы қызықты, әрбір сәті өзіндік ерекшелігімен есте сақталады. Әсіресе, оқиға соңына қарай қыза түседі.

Ал, жиырма бір жастағы Қуаныш бұл кітапты ермек үшін оқитынын айтады.

- Негізі уақыт өткізу үшін жақсы. Балалық шақты еске аласың. Ал, шығарманың өзі сананың дамуына үлес қосады деп айта алмаймын, -деді ол.

Гарри Поттер жайындағы кітаптар турасында пікірлерін білу үшін ересек азаматтарды тілге тартқанымызда, олардың басым бөлігі білмейтіндіктерін жасырмады. Біз тілдескен қазақ тілді азаматтардың барлығы аталмыш кітап жайында хабарсыз екендіктерін айтты. Гарри Поттер туралы кітапқа деген сұраныс Қазақстанда тек балалар мен жастардан байқалады. Әрі олардың басым бөлігі орыс және ағылшын тілдерінде оқығанды қалайтынын айтады.