Шарм Аш-Шайхтағы лаңкестік шабуылдар Мысыр экономикасына кері әсер ете бастады

ҚАЙЫР. Жұмадан сенбіге қараған түні Шарм Аш-Шайх курортындағы террористік шабуылдарға байланысты Мысыр полициясы 90-нан аса күдіктіні ұстады. Ішкі істер министрі Хабиб Әл-Әдлидің мәлімдеуінше, 88 адам қаза болған қонақ үйдегі және автотұрақ пен жергілікті базардағы 3 жарылыс пен өткен қазан айында Синай түбегіндегі шабуылдың өзара байланысы болуы мүмкін. Синайда 34 адам қаза тапқан болатын. Кеше Шарм Аш-шайхта лаңкестікке қарсы наразылық шеруі болып өтті. Мыңдаған шетелдік турист кеше елдеріне қайтты. Мысырлық туризм министрлігінің мәлімдеуінше, жылына 1 млн.-нан аса қонақты қабылдайтын туризм саласына қаншалықты нұқсан келгенін нақты айту қиын. Бірақ, кеше Мысырдың қор биржасында акциялардың құны 3 пайызға құлдырады.